Ақтөбе облысында жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарымен айналысатын "ҚАЖ Сервис" ЖШС қыста жолдарға себетін материалдарды уақытында жеткізбей, бұзушылықтарға жол берген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, аталған бұзушылықтар "ҚАЖ Сервис" ЖШС облыстық филиалына жүргізілген аудиторлық тексеру кезінде анықталған. Бұзушылықтар салдарынан жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жолға себілетін инертті материалдар өңірге уақытылы жеткізілмеген.
Аталған серіктестік "Сауыт Компани" ЖШС-мен мұз басуға қарсы реагент алу бойынша жалпы сомасы 7 миллион 308,0 мың теңгеге келісімшарт жасаған. Келісімшартта аталған тауардың мөлшері 30 тонна деп көрсетілген. Келісімшарттың техникалық ерекшелігіне сәйкес мұз басуға қарсы реагент өндірушісі — "ОПТ 6" ЖШҚ. Жүргізілген тексерулер кезінде біз қабылданған тауар бойынша 5 миллион 602,8 мың теңгеге бұзушылықтарды анықтадық. Яғни, техникалық ерекшелікте көрсетілген өндірушісі “ОПТ 6” ЖШҚ болуы тиіс тауардың мөлшері 7 тонна ғана болып шықты. Ал 23 тоннаны серіктестік "Алтын орда" ЖШС мен "Тыретский солерудник" мекемесінен алған, - дейді ол.
Сондай-ақ "ҚАЖ Сервис" ЖШС келісімшарт талабын бұзумен қатар 6 ақпанға дейін тауарды уақытылы жеткізбеген "Сауыт Компани" ЖШС-нан 218,5 мың теңге көлемінде тұрақсыздық айыбын өндірмеген.
Біз "ҚАЖ Сервис" ЖШС Ақтөбе облыстық филиалына бұзушылықтарды жою және заң бұзған тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жолдадық. Қазіргі таңда кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ серіктестікті "жосықсыз" деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіруге қатысты сотқа талап-арыз берілді, - дейді ол.