Ақтөбе қаласында әріптесінің пәтеріне от қойған жедел жәрдем қызметінің жүргізушісі сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс Ақтөбе қаласының №2 сотында қаралды. Жедел жәрдем қызметінің жүргізушісіне Қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша айып тағылды. Жүргізуші от қою арқылы бөтеннің мүлкiн қасақана жойғаны үшін сот алдында жауап берді.
Оқиға биыл шілде айында болды. Сотталушы жұмыс кезінде әріптесімен кезекті еңбек демалысын бермегені үшін жанжалдасады. Сотталушы пәтердің қосымша кілті бар екені есіне түсіп, жәбірленушінің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiрмек болады. Оның үйіне таксимен барып, өзінде болған қосымша кілтпен ашып кіріп, пәтер ішін аралайды. Кейін жатын бөлме есігінде ілініп тұрған шалбарды жағып кетеді. Оттықты ол ала барған. Сотталушы тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындады. Сот үкімімен соттаушы кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің талап арызы шығынның өтелуіне байланысты қанағаттандырылмады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ,- делінген сот хабарламасында.