Ақтөбеде жатақханаларды тексеру жалғасып жатыр

14 Қыркүйек 2022, 17:38
1384
Бөлісу:
Ақтөбеде жатақханаларды тексеру жалғасып жатыр
PHOTO

«Жастар рухы» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы мониторингтік топ Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің жатақханасын тексеріп, студенттердің жағдайымен танысты, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде 12 мамандық бойынша 750 студент білім алады. Ал жатақханада 112 жас жатыр. Жалпы жатақхана 325 орынға арналған. Төрт қабатта ер және қыз балалар бөлініп тұрып жатыр. Жатақханада асхана, жуыну, кір жуу бөлмесі, кинозал, жаттығу залы бар. Барлық қабат бейнекамералармен жабдықталған. Студенттер таңғы 7-де тұрады, ал кешкі сағат 21.00-де жатақхана есігі жабылады. Бүгінде студенттер үшін басты мәселе таңертең оқуға қатынау болып отыр. Себебі колледж қаладан қашықта орналасқан соң қоғамдық көліктердің мұнда келу жиілігі өте ұзақ, білім алушылар бірінші сабаққа көп жағдайда кешігіп келеді. Жалпы оқу процесінде ешқандай мәселе жоқ,- дейді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дәурен Сұлтанғалиұлы.

Ибраһим Амангелді биыл аталған колледжге оқуға түскен. Қазір ол жатақханада бір бөлмеде 3 бала болып тұрып жатыр.

Ақтөбеде жатақханаларды тексеру жалғасып жатыр

Ветеринария мамандығында 1-курста оқимын. Өзім Қандыағаш қаласынан боламын. Қазір үш бала болып тұрамыз. Жатақханада барлық жағдай жасалған. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады, кинозалда фильм көреміз, жаттығу залында жаттығамыз,-дейді ол.

«Жастар рухы» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы мониторингтік топ студенттермен тілдесіп, ғимараттың материалдық-техникалық базасын қарап шықты.

Ақтөбеде жатақханаларды тексеру жалғасып жатыр

«Жастар рухы» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалы облыс орталығындағы оқу орындары жатақханаларын тексеруді жалғастырып жатыр. Бүгін Нокин ауылында орналасқан Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің жатақханасын аралап шықтық. Жатақхана жиһаздары тозған, студенттерге қажетті тұрмыстық  техникалар аз, өрт сөндіру жабдықтары өткен жылдан бері тексерілмеген. Біз осы олқылықтарды жауапты тұлғаларға ескерттік,-дейді «Жастар рухы» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы Ануар Искарин.

Өзгелердің жаңалығы