Ақтөбеде былтыр жасөспірімдер арасында болған қанды оқиғаға байланысты материал облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе қалалық прокуратурасының прокуроры Әсел Мәлікованың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы жанжал 2024 жылдың мамыр айында болған. Екі топтың өзара текетіресінің салдарынан 8 адам оқ және пышақ жарақатын алып, бір жасөспірім көз жұмған.
Бұл қылмыс былтыр Ақтөбе қаласының шетіндегі Мал базары аумағында болған. Екі жасөспірімдер тобы суық және атыс қаруын қолданып, төбелескен. Соның салдарынан бір адам қайтыс болды. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, марқұмды топ мүшелері автокөлікпен қағып, пышақ салып, өлтірген. Бұл іс бойынша Ақтөбе облыстық полиция департаменті Қылмыстық Кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. Облыстық прокуратура қылмыстық істі бақылауға алып, процестік прокурорлар тобын тағайындады, - дейді Әсел Мәлікова.
Оның айтуынша, аталған қылмыстық іс бойынша полицейлер жедел түрде күдікті 10 адамды ұстап, оларды уақытша ұстау абақтысына қамаған. Тергеу нәтижесі бойынша қылмыстық іс облыстық прокуратураға келіп түскен.
Қазіргі таңда облыстық прокуратура айыптау актісін жасақтап, материалды Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдаған. Қылмыстық іске қатысты кінәлілер енді сотта жауап беретін болады.