Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбеде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді

4 Қазан 2025, 09:15
528
Бөлісу:
 Ақтөбе облысының әкімдігі
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапары аясында Алға қаласындағы орталық стадионның күрделі жөндеу жұмыстарымен және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі таңда стадионда газон жамылғысы ауыстырылып, жаңа жүгіру жолы салынуда. Мердігер – «АрысСтройКом» ЖШС жөндеу жұмыстарын қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр. Жаңартылған стадионның сыйымдылығы – 1500 орын, бұл қалада спорттық және мәдени іс-шараларды өткізу мүмкіндігін арттырады.

Өңір басшысы сондай-ақ ДШСК құрылысын аралап көрді. Құрылыс алаңында қазіргі уақытта монолитті конструкциялар орнатылып, инженерлік желілер тартылуда. Кешенді осы жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа нысан Алға тұрғындарының спортпен айналысуы мен салауатты өмір салтын дамытуда маңызды орталық болмақ.

Асхат Шахаров спорттық инфрақұрылымды дамыту – салауатты өмір салтын қалыптастырудың және жастарды спортқа тартудың басты құралдарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, жобалардың уақытылы және сапалы орындалуы үшін барлық жұмыстарға қатаң бақылау қажет екенін жеткізді. Бұл аудан деңгейінде жаппай спортты дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы