Ақтөбеде бала күтушісі үй иесінің алтын бұйымдарын ұрлаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласының 30 жастағы тұрғынын ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдікпен ұстады.
Тергеп-тексеру барысында күдікті әйел биыл қаңтар айынан бастап Ақтөбеде бала күтушісі болып жұмыс істеп жүргенде үй иесінің бірнеше зергерлік бұйымдарын жасырын ұрлағаны анықталды. Көпбалалы отбасы бағалы бұйымдарының жоғалғанын наурыз айында біліп, полицияға хабарлаған.
Анықталғандай, үй иелері өздеріне бейтаныс бала күтушіні әлеуметтік желіде хабарлама беру арқылы тауып, үйіне жұмысқа алған.
Бала күтушісі алтындардың қайда орналасқанын білгеннен кейін, біртіндеп жасырын алып кетіп, ломбардқа тапсырып отырғанын мойындады. Ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Ұрланған заттардың ішінде алтын сырға, алқа, сақиналар бар. Жәбірленушіге келтірілген залал 3 миллион теңгені құрайды.Ір і мөлшерде ұрлық жасау дерегі бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті мүлкi тәркiленіп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын айыруға жазалануы мүмкін, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Тараз тұрғынының гауһар тасты әшекейлерін ұрлаған күдікті Алматыдан ұсталды.