Ақтөбе облысында үшем туды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, жуырда облыстық перинаталдық орталықта ерекше оқиға болған. Перзентханада биылғы екінші үшем дүниеге келді.
Салмағы 2060, 1930 және 2260 грамм болатын нәрестелер жүктіліктің 32 аптасында операция арқылы мерзімінен бұрын туған.
Ерлі-зайыптылардың бұдан бөлек тағы үш баласы бар. Енді көпбалалы отбасылар қатарына қосылды.
Жас босанған ана мен жаңа туған нәрестелердің жағдайы бірқалыпты.
Жақын арада сәбилер салмақ қосады, көпбалалы ана күш-қуатын қалпына келтіреді. Облыстық перинаталды орталық анасы мен қыздарына зор денсаулық тілейді, – делінген мекеменің хабарламасында.
Еске салсақ, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бала сүюді армандап жүрген талай отбасына қуаныш сыйлады.
Бұған дейін 13 жыл бойы тағы да балалы болуды армандаған ана Қасым, Жомарт, Кемел есімді үшемді өмірге әкелген еді.
Отбасының тұңғышы 13 жаста. Содан бері балалы бола алмаған соң квотаға өтініш берді. Үшемге жүкті болған кезде біз үнемі бақылап, өз қадағалауымызға алдық. Анасы баланы айы-күні жеткенде кесір тілігі арқылы өмірге әкелді, - дейді облыстың штаттан тыс бас репродуктологы Светлана Есенаманова.