Ақтөбеде тұрғын үй бағасы шарықтап тұр

3 Сәуір 2025, 20:31
355
Бөлісу:
Ақтөбеде тұрғын үй бағасы шарықтап тұр
Фото: автордан

Ақтөбеде тұрғын үй бағасы қымбаттады. Әсіресе, Алтын орда және Есет батыр тұрғын алаптарында жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің бағасы өскені байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы көрсеткіш бойынша елімізде жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі 505 мың теңгеге жеткен. Мәселен, пәтер құны жағынан қазір республикада Алматы көш бастап тұр. Одан кейінгі екінші орында Астана қаласы болса, үшінші орында – Атырау қаласы. Ал Ақтөбе қаласында бір шаршы метр үйдің бағасы 288 мың теңгеден асады. 

"Отбасы Банк" АҚ Ақтөбе филиалы бизнесті дамыту бөлімінің маманы Сәкен Сүлеймановтың айтуынша, биыл облыста "Наурыз" және "Наурыз жұмыскер" бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Өңірімізде "Наурыз жұмыскер" бағларламасы 17 наурызда басталды. Бағдарлама лимит біткенше жалғасатын болады. Ал 2024 жылы "Отбасы банк" акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалы бойынша 4,5 мыңға жуық адам ипотека рәсімдеп, баспаналы болды, - дейді ол.

Оның айтуынша, "Отбасы банк" АҚ өңірлерде кезекте тұрған тұрғындар мен тұрғын үй бағасына талдау жүргізбейді. 

Көп жылдан бері жеке баспанасына қол жеткізе алмай жүргендердің бірі – Ақан Болат. Ол теміржол саласында жұмыс істейді. Тапқан табысы несие алуға жетпей жүргенін айтады.

Тапқан табысың жетпесе, ипотека алу қиынға соғады екен. Үй кезегінде бірнеше жылдан бері тұрғаныммен, несие ала алмай жүрмін. Әрі соңғы жылдары Ақтөбеде тұрғын үйдің бағасы шарықтап тұр. Біз сияқты отбасыларға қолдау қажет. Қазір отбасында екі бала тәрбиелеп отырмын. Келіншегім жұмыссыз, - дейді Ақан. 

Бүгінде Ақтөбе облысында тұрғын үй кезегінде 30 мыңнан астам адам тұр. Олардың қатарында көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы жандар бар.

Өзгелердің жаңалығы