Ақтөбеде тонаумен айналысқан жалған полицейлер құрықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, тонаумен айналысқан екі жас жігітті тәртіп сақшылары Ақтөбе қаласынан ұстады. Күдіктілер көшеде жалғыз жүрген жастарды тоқтатып, өздерін есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел уәкілдер ретінде таныстырған.
Әрі қарай жалған полицейлер жастарды есірткі қоюмен айналысты деп айыптап, өздері қылмыстық әрекеттер жасағаны анықталды. Бір жәбірленушіден олар құны 140 мың теңге тұратын Airpods Pro2 құлаққаптарын, ал екіншісінен Huawei телефонын тартып алған.
Күдіктілер ұсталып, тонау қылмысы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полицияның атын жамылған күдіктілерге мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді.