Ақтөбеде қылмыс азайды ма?

15 Шілде 2022, 20:56
1727
Бөлісу:
Ақтөбеде қылмыс азайды ма?

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ақтөбе қаласында қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 8,3%-ға азайған.

Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Зиятдин Күнбасовтың айтуынша, 2021 жылдың 5 айында 2720 қылмыс тіркелсе, биыл 2495 қылмыс жасалған. Оның ішінде ғаламтор арқылы алаяқтық жасау деректері көп.

Соңғы жылдары қаламызда ғаламтор арқылы алдау деректері көбейді. Дегенмен былтырдан қарағанда биыл интернет алаяқтық дерегі 15,4 пайызға азайып отыр. Алайда әлі де ақшасынан, құнды дүниелерінен айырылып қалып жатқан азаматтарымыз көп,-дейді ол.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері  қала аумағында 47 бұзақылық дерегі,  кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған 19 қылмыс тіркелген.

Өткен жылмен салыстырғанда биыл жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны 17,5 пайызға азайды. Мәселен, былтырғы көрсеткіш - 21. Жалпы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың дені сәтсіз, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан. Қазіргі таңда кәмелетке толмаған 1238 бала өгей әке, не өгей шешемен тұрып жатыр. Сондай-ақ 39 жасөспірім профилактикалық есепте, ал 29 жасөспірім қылмыс жасауға бейім азаматтар қатарында тұр. Біз құқық бұзуға бейім жасөспірімдермен жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Дегенмен бұл бағытта жүргізілген жұмыстарға ата-аналар да үлес қосуы керек. Себебі бала үшін,ең алдымен, ата-ана жауапты,-дейді  басқарма бастығы.

Айта кету керек, қылмыстардың бір тобы- қоғамдық көліктегі қалта ұрлығы және көшеде жасалатын бұзақылық деректері. Бұл тұрғыда биыл көрсеткіштер едәуір азайған. Мәселен, 2021 жылмен салыстырғанда биыл қалта ұрлығы 18,3 пайызға, ал көшеде жасалатын ұрлық саны 9,1 пайызға азайып отыр.

Қоғамдық көліктердің барлығы бейнебақылаумен қамтылса, қылмыс саны азаяр еді. Дегенмен автобустардың көбі ескі болған соң, оларға бейнекамералар орнатылмаған. Қылмыскерлерді ұстауда бізге осы олқылықтар кедергі болып отыр. Біздің қызметкерлеріміз ай сайын қоғамдық көліктерде алдын алу, ескерту жұмыстарын жүргізіп отырады. Сондықтан тұрғындарды қоғамдық көліктерде жүрген кезде сақ болуға шақырамыз,-дейді З.Күнбасов.

Өзгелердің жаңалығы