Ақтөбе қаласында өткен “Ассалаумағалейкум” VI халықаралық қуыршақ театрлар фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысының әкімдігі мен Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өткен фестиваль биыл еліміздегі Балалар жылы аясында ұйымдастырылды. Фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Башқұртстаннан барлығы 14 өнер ұжымы қатысып, кең сахнада өз өнерлерін көрсетті.
Басқарма басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, көрші елдер арасындағы шығармашылық байланысты нығайту мақсатында өткізіліп келетін фестиваль биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр.
“Ассалаумағалейкум” қуыршақ театрлар фестивалі алғаш 2004 жылы Ақтөбе қаласының 135 жылдығы аясында тұсауын кескен болатын. Содан бері бұл шара екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде фестиваль аясында ТМД, Еуропа елдерінен 63-тен астам өнер ұжымы өнер көрсетіп, түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Биылғы фестивальдің басты ерекшелігі – Ақтөбе облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен фестиваль қатысушыларына ақшалай жүлденің қарастырылуы. Жалпы жүлде қоры – 1 700 000 теңге. Бұл фестиваль бүгінде Ақтөбе облысының өнер саласындағы брендтік жобасына айналып отыр, – дейді Алтынай Юнисова.
Айта кету керек, биыл “Алақай” қуыршақ театрының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді, ал осы аптада ұжым жаңа маусымын халықаралық фестивальмен ашып отыр.
Төрт күнге созылған өнер додасында алыс-жақын елдерден келген ұжымдар бар шеберліктерін көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ал құрамында өнертану кандитаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, театр сыншысы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Театр өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры Сәния Қабдиева, ресейлік театр режиссері және продюсер Давид Бурман, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас режиссері, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бекболат Парманов, театртанушы, театр сыншысы, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Дина Давлетшина бар қазылар алқасы әділ баға беріп, өнерсүйер қауымның көңілінен шыққан ұжымдарға ерекше қолдау танытты. Сонымен фестиваль қорытындысына келсек, өнер додасына қатысқан 6 ұжым арнайы номинацияға ие болды. Атап айтсақ, “Ересектерге арналған үздік қойылым” номинациясын Алматы қаласынан келген мемлекеттік қуыршақ театры иеленсе ( сыйақы -400 мың теңге), “Балаларға арналған ең үздік қойылым” номинациясы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына ( сыйақы -400 мың теңге), “Үздік сценографиялық концепсия” номинациясы Ақтөбе облыстық “Алақай” қуыршақ театрына (сыйақы- 300 мың теңге), “Үздік актерлық ансамбль” номинациясы Ферғана облыстық қуыршақ театрына (сыйақы-200 мың теңге) берілді.
Сондай-ақ шара соңында “Үздік актер” атағы Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының артисі Ержан Бегашевке, “Үздік актриса” атағы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының артисі Толқын Өмірзақоваға табыс етілді.
Қуыршақ театрының тұрақты көрерменіміз. Екі немеремді үнемі осында алып келемін. Фестиваль жайлы естіп, немерелеріммен арнайы келіп, барлық өнер ұжымының қойған қойылымдарын тамашаладым. Керемет әсер алдық. Балалар мәз, түрлі кейіпкерлермен танысты. Болашақта облысымызда осындай шаралар жиі өткізілсе деген тілегіміз бар, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Жаңыл Толғанова.