Ақтөбеде қоқыс полигоны әлі өртеніп жатыр

23 Тамыз 2022, 18:10
1119
Бөлісу:
Ақтөбеде қоқыс полигоны әлі өртеніп жатыр

Ақтөбеде қоқыс полигоны бес күннен бері тоқтаусыз жанып жатыр. Жағымсыз иіс пен түтін қаланың орталығына дейін жетті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мәселеге байланысты Ақтөбе облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Кәрібаев жауап берді. 

Оның айтуынша, қоқыс полигоны алғаш рет 7 тамызда жанған. Содан бері полигон бірнеше рет сөндірілген. Алайда қоқыс жиналатын аумақ әлі өртеніп жатыр. Аталған полигонның өртін сөндіруге облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары мен «Табыс Ақтөбе» ЖШС-ның жұмысшылары жұмылдырылып жатыр. 

Бес күннен бері қала сыртындағы қатты тұрмыстық заттар полигоны жанып жатыр. Оның исі қалаға дейін жетіп отыр. Департамент тарапынан жүргізілген жұмыстарға сәйкес, санитарлық бақылау аймағынан зертхана мамандары тиісті өлшемдерді алды. Соның нәтижесінде кейбір зиянды заттардан артықшылық анықталып отыр. Мысалы, 12 тамызда алынған сынамалардан углеродтың оксиді (СО) екі есе шамадан тыс артқаны белгілі болды. Бүгінде департамент «Табыс Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиісті жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізу үшін құжаттар жіберді, — дейді ол.

Оның айтуынша, Президенттің кәсіпкерлік субъектілеріне мораторий жариялауына байланысты қазір департамент жедел түрде тексеру жұмыстарын жүргізе алмайды.

Құжаттар дайындалып жатыр. Жоғары лауазымды органдар қорытындыны қарап, шешім шығаратын болады. Егер нақты себептер болса, тексеруге рұқсат береді. Былтыр да осындай жағдай болды. Нәтижесінде кәсіпорынға айыппұл салынды. Биыл елімізде Экологиялық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске өзгерістер енгізіліп, айыппұлдар мөлшері өзгерді. Бізге прокуратура рұқсат берсе, тексеріс өткізіп, сосын айыппұл саламыз, заң бұзушылықты жою туралы нұсқама береміз, — дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Марат Кәрібаев қала сыртындағы қатты тұрмыстық полигонына қоқыстан бөлек құрылыс, биологиялық, тағы басқа да қалдықтар қабылданатынын, себебі қала аумағында одан басқа полигон жоқ екендігін, күл-қоқысты полигон қабылдамаса, қала іші қоқысқа толып кететінін айтады. Алайда аумағы үлкен полигонның не үшін өртенгені белгісіз. Оның айтуынша, бұл полигонның жалпы аумағы 60 мың гектарға жетеді. 

Ақтөбе қаласындағы қоқыс полигонын «Табыс Ақтөбе» ЖШС сенімгерлік басқаруға алған. Ақтөбе қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі берген дерекке сүйенсек, 7 тамыздан бері бұл мекемеге айыппұл түрінде шара қолданылып, алты рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Өрттің жалпы аумағы мың шаршы метрге жеткен. Оны сөндіруге 3 өрт сөндіру машинасы мен оннан астам техника жұмылдырылған.

Өзгелердің жаңалығы