Ақтөбеде Қасым, Жомарт, Кемел есімді үшем өмірге келді

2 Маусым 2022, 13:12
1752
Бөлісу:
Ақтөбеде Қасым, Жомарт, Кемел есімді үшем өмірге келді

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе қаласында Қасым, Жомарт, Кемел есімді үшем дүниеге келді. 

Балаларды қорғау күні қарсаңында дүниеге келген сәбилердің қазір жағдайы қалыпты. Олар дәрігерлердің қарауында.

Ақтөбе облыстық перинаталды орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Андрей Гайдайдың айтуынша, үшемнің үлкенінің салмағы — 2 келі 620 грамм, одан кейінгісінің салмағы — 2 келі 270 грамм, үшіншісі — 1 келі 925 грамм. Сәбилер дүниеге келген күннен бастап анасының сүтімен тамақтанып жатыр.

Үшемнің анасы «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы квотамен облыстық перинаталды орталық жанындағы экстракорпоралды ұрықтандыру орталығына келді. Бұл жерде әйелге тиісті процедуралар жүргізілді. Нәтижесінде жүктілік кезеңі 36 аптадан асқанда, нақтырақ айтсақ, 27 мамыр күні жоспарлы ота жасалды. Бұрын осындай жолмен туғандардың 3 пайызы ғана үшем болатын, қазір мұндай жағдайлар жиіледі. Қазір ананың да, балалардың да жағдайы жақсы. Олар орталықта әзірге болады, — деді ол.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша өңірде сәби сүйе алмай жүрген әйелдерге 324 квота бөлінген. Ал биыл бұл мақсатта 322 квота қарастырылған. 

Облыста мыңнан астам әйел бала сүйе алмай жүр. Алайда бұл нақты көрсеткіш емес, себебі емханаларға тіркелмей, квота алуға кезекке тұрмаған, сәби сүйе алмай жүргендер аз емес. 

Үшемді дүниеге әкелген батыр ана Қарлығаш Жармағанбетова сәбилердің есімін Президенттің атымен байланыстырып қойылу себебін айтып берді.

Ұл тусам, енем айтқандай, атын Кемел деп қоямыз деп ойлап жүргенбіз. Алайда Құдайдың бұйыртқаны болар, өмірге үш бірдей балапан келді. Содан отбасымызбен ойласа келе, олардың есімдерін Кемел, Қасым, Жомарт деп қойдық. Елдің азаматтары, Отанын сүйетін адал ұлдар болсын деп ырымдадық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел басқарып, қазір мемлекетімізде жақсы жаңалықтар болып жатыр ғой, — дейді үшемнің анасы.

Балаларды қорғау күнінде Қасым, Жомарт, Кемелге балалар арбасы (әрқайсысына) табыс етілді. 

Айта кету керек, соңғы 1,5 жылда Ақтөбе облысында үшемдер дүниеге келмеген. 

Өзгелердің жаңалығы