Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды

29 Қазан 2024, 08:55
210
Бөлісу:
Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды
Фото: Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында "World Business Consulting" қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оның құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігі аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Агенттіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, олар өздерін Қазақстанда ресми тіркелген халықаралық инвестициялық компания өкілдері ретінде тансытырып, Ақтөбеде презентациялар өткізген.

Жиындарда күдіктілер қаржылық инвестициялар, тиімді пайызбен несие рәсімдеу, әлемнің кез-келген жерінен пәтер және жаңа көлік сатып алу жайлы ақпараттармен азаматтарды қызықтырған. Осы арқылы олар жаңа салымшыларды тартып, оларға ай сайын ақша салып одан сыйақы алатынына сендірген.

Күдіктілердің заңсыз әрекетінен 60 млн теңгеге жуық шығын келтірілген.

Сот үкімімен екі азамат кінәлі деп танылып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Жәбірленушілерге келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Жыл басынан бері ҚМА қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 62 қылмыстық іс аяқталды, олардың ұйымдастырушылары 20 млрд теңгеге жуық шығын келтірді.

Бүгінгі таңда 13 млрд теңгеден астам қаражат өтелді.

Жыл басынан бері қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастырғаны және жарнамалағаны үшін, 53 адамға қатысты 35 сот үкімі шықты. Олар 2 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,7 мың сайт пен сілтеме бұғаттауға жолданды.

«WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» - да 300-ге жуық чат бұғатталды. Осылайша, 2 млн астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алды.

«Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері «Qnet», «World Business Consulting», «Finiko» «Antares»/«Antares Trade», «Sincere Systems Group»/«S-Group», «Hermes LTD», «Life is good», «Chia Tai Tianding»/«Chia Tai Pharmaceutical» «Energy Eolus Oazqstan»/«Eolus» сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды.

Егер сіз және сіздің жақындарыңыз аталған қаржы пирамидасының қызметіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз.

ҚМА адам ақша салғысы келетін компанияны қаржы пирамидасының белгілеріне тексеруге мүмкіндік беретін Телеграм ботты іске қосты.

Сонымен қатар мұндай құқық бұзушылықтар үшін ұсталған барлық жалған жобалардың тізімі жарияланған.

Өзгелердің жаңалығы