Ақтөбе қаласында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде облыс орталығында көшелер мен гүлзарларға гүлдер мен ағаш көшеттері егіліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ақтөбе қалалық әкімдігінің деректеріне сүйенсек, биыл қала аумағындағы гүлзарларға, саябақтарға, орталық көшелерге петуния, тагетес, цинерария, сальвия, пеларгония, раушан, қалампыр, түймедақ, т.б. гүлдер мен сәндік ағаш көшеттері отырғызылады.
Биыл қаланың орталық көшелерін абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, биылғы көктем айларында барлығы 53 мың шаршы метр жерге гүл, 300 мыңға жуық шаршы метр жерге көгал, сондай-ақ 27 мың шаршы метр алаңға көпжылдық өсімдіктер егіледі. Бұған бюджеттен арнайы қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, қаладағы субұрқақтарды да биыл қайта жаңарту жұмыстары жалғасады. Қаламызда жалпы саны 22 субұрқақ болса, соның ішінде 8-іне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіп жатыр. Биыл бұл жұмыстар тамыз айына дейін аяқталады деп жоспарланған. Ал қалған 14-ін қалыпқа келтіру үшін конкурс жариялады. Мердігер мекемелер анықталған соң, оларды жүзеге асыру мерзімі белгілі болады, - дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.
Оның айтуынша, жуырда қала бойынша 5 субұрқақ іске қосылады. Олардың қатарында «Нұр Ғасыр» мешітінің алдында орналасқан субұрқақ, облыс әкімдігіне қарама-қарсы гүлзардағы субұрқақ, Орталық стадион аумағындағы субұрқақ және т.б. бар.
Сондай-ақ биыл көппәтерлі тұрғын үйлерде тұратын тұрғындар мен үй-жайлардың меншік иелері бюджеттік кредит есебінен баспаналарына күрделі жөндеу жүргізе алады. Бюджеттік кредит 7 жылға 0,1 пайызбен беріледі. Бұл — тұрғындардың өздері тұрып жатқан үйлерінің іші-сыртын абаттандыруға, жөндеу, жаңарту жұмыстарын жүргізуге бағытталып отырған жоба. Мұндай жоба бұған дейін Ақтөбе қаласында, Мұғалжар, Алға және Хромтау аудандарында жүзеге асырылып, көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша бірқатар жоба қаржыландырылды. Атап айтсақ, былтыр 8 тұрғын үйді жөндеуге және 95-ке жуық лифтті ауыстыруға қаражат бөлінді. Қазір бұл бағыттағы жұмыстарды жалғасады, - дейді сектор меңгерушісі.
Айта кету керек, соңғы екі-үш жылда Ақтөбе қаласында бюджеттен бөлінген қаржыға көп қабатты үйлердің 200-ге тарта ауласы асфальтталып, жаңартылды. Жалпы бүгінде қалада 1800-ден астам көпқабатты үй мен 800-ге тарта аула бар.
Қазір Әуе қалашығы ауданында осындай 4 аулаға асфальт төселіп жатыр. Мердігер ұйым — «РемГорСтрой» ЖШС. Сондай-ақ ескі қала бөлігінде бірнеше үйдің ауласына да асфальт төселмек.
Қала әкімдігінің деректеріне сүйенсек, биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылатын 17 жобаға Ақтөбе қалалық бюджетінен 500 млн теңге қарастырылады. Ал санитарлық тазалық жүргізу жұмыстары мен урналар, контейнерлер сатып алуға 353 млн теңге қаражат бөлінеді. Бұл жұмыстар биыл жаз айларында жүзеге аспақ.
Қазіргі таңда облыста екі айлық өтіп жатыр. Онда әр сенбі сайын ақтөбеліктер өздеріне берілген аумақты қоқыстан тазартып, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізеді. Сенбіліктерге облыс әкімдігінің қызметкерлерінен бастап барлық мекемелердің жұмысшылары, жастар, еріктілер, тіпті, тұрғындар атсалысуда.
Бұдан бөлек қазір қала бойынша бірқатар жолдарға асфальт төселіп жатыр. Кеше ғана қаладағы «Батыс-2» шағын ауданындағы Тәуелсіздік даңғылы мен М.Шоқай көшесінің жолын реконструкциялау жұмыстары басталды. Бұл көшенің жолын жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталуы керек. Мердігер мекеме — «АссанаДорСтрой» ЖШС. Аталған ұйым өткен жылы жолдың астыңғы екі қабатын төсеген болатын. Сегіз жолақты жолдың ұзындығы — 2,34 шақырым. Биыл бұл жұмыстар жалғасуда.
Сондай-ақ алдағы уақытта қала бойынша тағы бірнеше көшеде жол жөндеу жұмыстары басталмақ. Оның ішінде аталған М.Шоқай көшесі де бар. Жаңадан бой көтерген аудандағы бұл көшеге енді 6 жолақты жол салынады. Қазір мердігер ұйым қосымша екі жолақты жол салу үшін жұмыстарды бастап кетті.
Қала әкімдігі мамандарының айтуынша, жол салу жобалары күзге дейін толық аяқталуы керек.