Ақтөбе қаласының сыртында орналасқан «Достық» жазғы лагері үш жылдан бері жұмыс істемей тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, 2021 жылдан бастап күрделі жөндеуді қажет етуіне байланысты «Достық» мемлекеттік жазғы лагері жұмысын тоқтатып тұр. Бұл мекеменің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға 4500,0 мың теңге қаражат бөлінген. Биыл наурыз айында жобалық-сметалық құжаттарды дайындау жұмыстары басталған.
Әрі қарай құжаттарды мемлекеттік сараптамадан өткізуге және жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаражат сұрап отырмыз, - дейді Жайық Сұлтан.
Оның айтуынша, алдағы үш жылда бұдан басқа облыста тағы үш лагерь өз жұмысын бастайды. Оның бірі биыл ашылып отыр. Ол — Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылында орналасқан «Әлия» маусымдық лагері. Сондай-ақ 2027 жылға дейін тағы екі лагерьдің құрылысы жүргізіледі.
Ақтөбе қалалық жас туристер стансасының директоры Алена Бекбергенованың айтуынша, «Достық» лагері тек жаз айларында ғана жұмыс істеген. Бұрын мұнда жыл сайын мыңға жуық бала жазғы демалысын өткізген. Жаз мезгілінде ғана жұмыс істейтін болған соң лагерь ғимараттарына газ жүргізілмеген.
«Достық» лагері үш жылдан бұрын күрделі жөндеу қажет болған соң жабылды. Одан бері әр түрлі себептерге байланысты жөндеуге қаржы бөлінбеді. Басқа мектеп, балабақшаларға қаржы бөлінгенде, бұл лагерь қалып қойды. Енді биыл немесе келер жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, лагерь қайта өз жұмысын бастайды, - дейді Алена Бекбергенова.
«Достық» лагері Ақтөбе қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан. Лагерьдің іргетасы сонау 1952 жылы қаланған. 2014 жылы мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілген.