Ақтөбеде мектепке жақын жерде алкомаркет ашылған

Бүгiн, 17:17
180
Бөлісу:
Ақтөбеде мектепке жақын жерде алкомаркет ашылған
Фото: автордан

Ақтөбе қаласындағы №38 қазақ орта мектебіне жақын жерде алкомаркет жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұрын бұл алкомаркеттің орнында азық-түлік дүкені болған. Қазір сауда орнында күні-түні ішімдік сатылады. 

№38 орта мектеп директоры Лариса Урекешова ішімдік сататын дүкеннің білім ошағына жақын орналасуына қарсы екенін айтады. Себебі бұл оқушыларға теріс ықпал етуі мүмкін. Сондықтан алкомаркеттің жабылғаны дұрыс деп санайды. 

 Алкомаркеттің мектепке жақын орналасуы дұрыс емес. Әрі бұл көшеде студенттер тұратын 5 жатақхана бар. Сондықтан біз бұған қарсымыз. Қуанарлығы, біздің оқушылар мұндай сауда орындарына кірмейді. Біз ата-аналарға әрдайым ескертіп отырамыз. 

Қазіргі таңда мектебімізде 1-11 сыныпта 800 оқушы, ал даярлық тобында 50 бала оқиды. Биыл оқу орнын 40 түлек бітіреді. Мектебімізде құқық бұзушылық жағынан есепте тұрған оқушы жоқ. Олардың тәртібі қатаң бақылауда, - дейді мектеп басшысы.

Ішімдік демекші, былтыр аталған мектептің екі оқушысы ата-анасының ішімдікке әуестенуіне байланысты басқа жерге ауыстырылған. 

Аталған мәселеге қатысты біз Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне хабарластық. Департаменттің жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерболат Мұратов елімізде 2015 жылдан бастап алкоголь өнімдерін білім беру мекемелерінен 100 метр радиуста және оларға іргелес аумақтарда сатуға тыйым салатын ереже алынып тасталғанын жеткізді.

Заңға сәйкес, 21 жасқа толмаған азаматтарға ішімдік сатылмайды. Егер заң бұзылса, жауаптылар жазаға тартылады. Егер аталған мәселеге қатысты білім беру ошақтары тарапынан шағым болса, онда олар облыстық полиция департаментіне жүгіне алады, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы