Ақтөбе облысында құжаттарды заңсыз рәсімдеу фактісі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жедел іс-шаралар барысында МХҚКО (АвтоЦОН) автотұрағында 47 жастағы әйел ұсталды.
Тексеру барысында ұсталған азаматшаның шетелдік есепте тұрған автокөлік құралдарына сақтандыру полистерін заңсыз рәсімдеу қызметін көрсеткені анықталды. Аталған полистер сақтандыру жағдайы туындаған кезде заңды күшке ие болмаған. Сонымен қатар, әйел көлік құралын басқару құқығын беретін өзге де құқық белгілейтін құжаттарды заңсыз рәсімдеумен айналысқан. Ұсталған әйелдің автокөлігін тексеру кезінде полиция қызметкерлері медициналық анықтамаларды, жүргізуші куәлігін алу үшін оқу курстарынан өткені туралы куәліктерді, сондай-ақ нотариустың мөр таңбасы басылған толтырылмаған бланкілерді тәркіледі, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша жалған құжаттарды жасау және өткізу белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын және ықтимал сыбайластарды анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.