Бүгінде Ақтөбе облысында әйелдер кәсіпкерлігі қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Дана Бекбауованың айтуынша, бүгінде палата жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Атап айтсақ, былтыр бұл орталықта 500-ге жуық әйелге кеңес беріліп, қолдау көрсетілген. Нәтижесінде 5-ден астам адам кондитерлік, тігін тігу, сұлулық қызметтері бағыттары бойынша бейіндік оқытудан өтіп, шеберлік сыныптарына қатысқан.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында 300-ден астам әйелге шеберлік сыныптары өткізіліп, олардың әлеуметтік кәсіпкерлік, салық және есеп, SММ саласында тәжірибе жинауына атсалыстық. Қуаныштысы, соңғы жылдары өңірімізде жеке кәсіп ашқысы келетін әйелдер қатары артып келеді. Мәселен, былтыр Әсемгүл Қайрақбаева есімді кәсіпкер өз асханасын ашып, он жаңа жұмыс орнын құрды. Кейін тағы екі наубайхана ашып, жеті жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Ал көп балалы ана Венера Ардашева массаж кабинетін ашып отыр, — дейді ол.
Бүгінде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы кәсіпкерлерге тегін қызмет көрсетіледі. Алдағы уақытта аталған орталық кәсіпкерлерді де, кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерді де көптеп қамтуды жоспарлап отыр.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ырғыз аудандық филиалының директоры Гүлнар Шәмиеваның айтуынша, қазір ауыл-аймақтарда да кәсіпкерлік ашуға ниетті әйелдер саны артқан. Мәселен, бүгінде Ырғыз ауданында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны 984-ке жеткен, оның ішінде 53-і — заңды тұлға, 280-і — шаруа қожалығы, 651-і — жеке кәсіпкер. Жұмыс жасаушылары саны — 1179 адам. Әйелдердің үлесі — 42 пайыз.
Мен 2014 жылдың ақпан айынан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ырғыз аудандық филиалының директоры болып қызмет атқарып келемін. Осы жылдар ішінде ауданымызда әйелдер кәсіпкерлігі қарқынды дамып келеді. Қазір ауданымызда кәсіпкерлік саласының басым бағыты мал шаруашылығы болып отыр. Ауданның әлеуметтік-экономикасын жақсартуға қомақты үлес қосып, ел қамын ойлаған, нарық кезінде халықты еңбекке жұмылдыра білген, соған бар күш-жігерін жұмсаған ағаларымыздың қатарында шаруашылықты басқарып отырған әйел-аналардың орны ерекше. Атап айтар болсам, ауданда Зейнеп Кадешова («Тастанбек» шаруа қожалығы), Лида Сисенбаева («Жарас» шаруа қожалығы), Миуа Дуанбекова («Елшіхан» жауапкершілігі шектеулі серітестігі), Күләш Дербісалина («Мантай» шаруа қожалығы), Ақкенже Отаралина («Асыл жол» шаруа қожалығы), Майра Қияқбаева («Аманбек» шаруа қожалығы), Базаркүл Жарқынбаева («Тұтар» шаруа қожалығы) және тағы басқа кәсіпкер әйелдер бар, — дейді ол.
Филиал директорының айтуынша, бүгінде ауданда халыққа қызмет көрсететін орталықтар мен қоғамдық тамақтандыру орындары көбейіп келеді. Шаштараз, монша, тігін цехтары, әсемдік салондарына деген сұраныс артқан. Ауылдарда замани үлгідегі кәсіпкерлік нысандары да бой көтеруде. Қазір осы салада ауданда Айсұлу Үмбеталы, Динагүл Сәрсенбаева, Сандуғаш Оразова, Жанна Есболғанова, Қарлығаш Хамзина, Ұлмекен Қанаева, Ғалия Жүрсінбаева, Айман Бекпенбетова, Айдана Сағынғали және т.б. кәсіпкер қыз-келіншектер жұмыс жасап жатыр.
Әйел-аналардың отбасының берекесін ұйытып, бала өсірумен қатар ел экономикасына да үлес қосуы — қуантарлық жайт. Бүгінде кәсіпкерлік саласында күндіз-түні еңбек етіп, іскерлігін ұштап жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Бұған мысал – Ырғыз ауданында кәсіпкерлік субъектісінің 42 пайызы әйелдер еншісінде болуы, — дейді Гүлнар Шәмиева.