Ақтөбеде картоптың бір келісі 400 теңгеге дейін қымбаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір облыс орталығындағы сауда орнына барсаңыз, картоптың бағасы 390-400 теңгеден түспей тұр. Тіпті, қаладағы "Анвар" сауда желісінде картоптың қоры жоқ.
Орталық базар сатушысы Гүлжан Байымбет өткен аптадан бері көтерме бағада көкөніс, жеміс-жидек сататын 41-разъездегі қоймада картоп тапшылығы бар екенін жасырмады.
Осы тұрғанда картопты қаппен алыпсатарлардан алып тұрмыз. Өнім – Петропавловканікі. Алайда бағасы қымбат. Үстіне 10-15 теңге қосып, қазір базарда сатып жатырмыз, - дейді ол.
Картоптың бағасына қатысты облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Думан Дәулетияров былай дейді:
Ақтөбе облысына картоп Ресей Федерациясынан, сондай-ақ Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарынан тасымалданады. Өткен аптадан бері Ресей Федерациясы картоп экспортын уақытша шектеуіне байланысты облыста импортталған картоптың жетіспеушілігі байқалады, бұл өнім бағасының өсуіне әкелді. Картоптың қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қорынан "Анвар", "Дина" сауда желілерінде, сондай-ақ "Табыс" коммуналдық және шағын базарларда сатылатын картоп апта сайын 20 тоннадан 50 тоннаға дейін ұлғайтылды. Тұрақтандыру қорындағы картоптың бағасы – келісіне 116-119 теңге, - дейді ол.
Ал "Ақтөбе" ӘКК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Аманбековтің айтуынша, тұрақтандыру қоры барлық сауда орнын қамти алмайды. Дегенмен арнайы сөрелерді қажетті өніммен қамтып отыр. Мәселен, былтырғы желтоқсаннан бері апта сайын сөрелерге 100 келі картоп қойылған.
Қазір тұрақтандыру қорында 4570 тонна картоп бар. Алайда қордағы өнімнің сапасы көңіл көншітпейді.