Ақтөбеде газ тапшылығы бар ма?

12 Қыркүйек 2024, 18:20
388
Бөлісу:
Ақтөбеде газ тапшылығы бар ма?
Фото: автордан

Ақтөбеде әлі күнге дейін сұйытылған газға деген тапшылық байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жүргізушілердің айтуынша, әсіресе, кешкі мезгілде қаланың ескі бөлігіндегі газ құю бекеттерінде кезек пайда болады.

Кеше Заречный елді мекеніне барар жолдағы газ құю стансасында біраз уақыт кезекте тұрдым. Газ болғанымен, көлік көп. Жалпы, соңғы кезде азаматтардың көбі көліктеріне газ қондырғысын орнатып жатыр. Себебі бензин қымбат. Ал газдың бағасы — 60 теңге. Сондай-ақ такси жүргізушілеріне газ пайдаланған тиімді. Шығын аз шығады, тиісінше табысы көбейеді. Тек бір олқылық — облыста әлде де болса сұйытылған газ қоры жеткіліксіз, - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Сұлтан Қожамбергенов.

Қала тұрғыны облыстағы зауыттардың бірінде жұмыс істейді. Қолы қалт етсе, қала ішінде такси болып  қызмет етеді. Көлігі газбен жүреді.

Оның айтуынша сұйытылған газ көліктің автобөлшектеріне зиян, дегенмен бағасы арзан болған соң көпшілік газ тұтынғанды дұрыс көреді.

Айта кету керек, биыл тамыз айында Ақтөбе облысында газға сұраныс артып, жүргізушілер сағаттап кезекте тұруға мәжбүр болды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының мамандары бұл мәселеге облыс тұрғындарының сұйытылған газга деген қажеттілігі жоғарылағаны себеп екенін жеткізді. Алайда Энергетика министрлігі шілде-тамыз айларына өңірге небәрі 10-11 мың тонна газ бөлді. Ал бұл облыстағы 57 мыңға жуық көлікке жетпейді.

Биыл Энергетика министрлігі қыркүйек айына Ақтөбе облысына 10 837 тонна газ бөлді. Қазір сұйытылған мұнай газының көлемі зауыттардан жөнелту штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Өңірде жағдай тұрақты, көліктердің кезегі байқалмайды, - дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының маманы Әлия Жұбаниязова.

Өзгелердің жаңалығы