Бұл оқиға кеше облыс орталығындағы Абай даңғылы бойындағы балалар ойнайтын ойын алаңдарының бірінде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жасы елуден асқан ер адам ойын алаңында ойнап жүрген балалармен тілдесіп, ағайынды екі баланың бірін қолындағы сыпырғышпен ұрып, кішкентай бес жасар інісіне жақындатпаған.
Үйдің үлкені әкесіне қоңырау шалған. Кейін балаларын қорғамақ болған азаматтың кеуде тұсына әлгі ер адам пышақ салып алған. Бұл жағдайдан қорқып қалған балалар әлі есін жинай алмай отыр. Ал жараланған әке дереу ауруханаға жеткізілген. Әзірге оның жағдайы белгісіз.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, балаларын қорғамақ болған әкені жарақаттаған ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
- Полиция пышақтау фактісі бойынша күдіктіні ұстады. Бұл жағдайдың қандай мақсатпен болғаны белгісіз. Қылмыстық Кодекстің 106-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде және бұлтартпау шарасы туралы мәселе шешіліп жатыр, - дейді Ерболат Сарқұлов.