Ақтөбеде егін жинау жұмыстары қашан басталады?

Бүгiн, 19:10
107
Бөлісу:
Ақтөбеде егін жинау жұмыстары қашан басталады?
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жаппай егін жинау жұмыстары бір аптадан кейін басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаевтың айтуынша, өңірде шілде айының аяғында дәнді дақылдарды жинау жұмыстары басталған. Бүгінге дейін облыс бойынша 32,7 мың гектар жиналып, 44,3 мың тоннадан астам өнім алынған. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі — гектарына 13,5 центнер.

 Биыл облыста жауын-шашын көп болды. Мәселен, маусым-шілде айларында жауған жауын-шашынның әсері егістіктегі дақылдардың шығымына оң әсер етті. Алайда соңғы апталардағы ауа райының ауыспалылығы дәнді дақылдардың бір мезгілде пісуіне кері әсерін тигізді. Соған қарамастан бірқатар шаруалар дәнді дақылды жинауды бастап кетті. Ал жалпы өңірімізде егін жинау жұмыстары алдағы аптада басталады. Биыл ауа райынан басқа егін жинау жұмыстарын уақытылы аяқтауға кедергі келтіретін мәселе жоқ, — дейді ол.

Бөлім басшысының айтуынша, биыл Ақтөбе облысында 403,0 мың гектардан дәнді дақыл, 48,4 мың гектардан майлы дақыл, сондай-ақ 5,2 мың гектардан картоп пен көкөніс өнімдерін жинау жоспарлануда. Бұл мақсатқа өңірде жалпы саны 1,5 мың трактор, 700-ге жуық астық ору комбайны, 800 трактор тіркемесі, сондай-ақ 500-ге жуық жүк көлігі жұмылдырылады.

 Биыл облысқа күзгі далалық жұмыстар үшін қажетті 7,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Шаруашылықтарға дизель отыны литріне 250 теңгеден жеткізілді. Бұл нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан, — дейді Н.Райымбаев.

Айта кету керек, «Қазгидромет» Ақтөбе облысы филиалының деректеріне сүйенсек, биыл қыркүйек айында өңірде ұзақ жауын-шашын болмайды.

Өзгелердің жаңалығы