Ақтөбеде діни ахуал тұрақты ма?

30 Маусым 2022, 16:22
2595
Бөлісу:
Ақтөбеде діни ахуал тұрақты ма?

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде болған теракт 8 адамның өмірін қиған еді. Одан бері арада алты жыл уақыт өтті. Қазір өңірде діни ахуал тұрақтанып келеді. Облыстық дін істері басқармасы бұл жұмысты жүйелендіру мақсатында қазіргі таңда үш бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Біз өңірдегі діни ахуал мен осы салада атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевпен сұхбаттасқан едік. Сонымен...

— Облыста 2016 жылы болған лаңкестік оқиғадан кейін қазіргі діни ахуал қалай?

— Қазіргі таңда өңірімізде діни ахуал тұрақты. 2016 жылғы оқиғаға биыл 6 жыл толып отыр. Аталған жағдайдан кейін жалпы дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бағытында бірқатар шаралар қабылданды. Ең алдымен, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға басымдық берілді. Осы орайда облыс аумағында терроризм мен экстремизмнің алдын алу бойынша құзырлы органдармен бірлесе отырып, 2018-2022 жылдарға арналған арнайы жоспар қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылды.

Сондай-ақ жыл сайынғы негізде арнайы жоспарлар, оның ішінде медиа және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына бағытталған жоспарлар жасақталды. Аталған жоспарға сәйкес спорттық, мәдени, патриоттық, шеберлік, қайырымдылық және Қазақстан қоғамының құндылықтарын насихаттауға бағытталған шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Жалпы облыста бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелендіру мақсатында үш бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның бірінші бағыты — түсіндіру, алдын алу шаралары. Яғни, облыстағы «Аңсар» орталығының мамандары  жастармен, тұрғындармен кездесіп, олардың жат ағымдарға кіріп кетпеуі үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Екінші бағыт — оңалту жұмыстарын жүргізу. Бұл бағыт бойынша жат ағымның жетегінде жүрген азаматтарды дәстүрлі дінге бейімдеу, оларға қолдау көрсету. Үшінші бағыт —контрпропаганда шараларын ұйымдастыру. Яғни, басылым беттері мен теларналар арқылы сұхбаттар, бейнероликтер, бағдарламалар дайындап, халыққа шетелге шығып діни білім алуға болмайтындығын, салт-дәстүрімізге қайшы келетін іс-әрекеттер, ырым-тыйымдар жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл тұрғыда діни мамандарымыз, ғалымдарымыз, тарихшыларымыз жан-жақты білгендерін ортаға салып жатыр. 

Сондай-ақ қазір жастар арасында Tik Tok желісі өте танымал екені белгілі. Осыған байланысты біз осы желіден парақша ашып, ол жерде де түсіндіру, ақпараттандыру шараларын жүргізіп жатырмыз. Бүгінгідей интернет дамыған заманда мұндай жаңашылдықты да жүзеге асыру өте маңызды.

Бүгінде Ақтөбе облысында 68 мешіт пен 7 діни орталық қызмет атқарады. Оның бесеуі аудан орталықтарында болса, екеуі Ақтөбе қаласында орналасқан (облыстық «Аңсар» орталығы, Алға, Темір, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин және Ақтөбе қаласы). Аталған орталықтар мен жергілікті мешіттерді білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде әртүрлі форматтағы курстар мен семинарлар ұйымдастырылады, облыс әкімінің гранттары бөлінеді, ақтөбелік студенттермен тығыз байланыс орнатылған. Қазіргі таңда оқу процестері басқарманың тұрақты бақылауында. Мысалы, 2020-2021 оқу жылдары «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде және Ақтөбе медресе-колледжін бітірген 30-ға жуық түлек діни орталықтарға жұмысқа орналастырылды. Айта кететін жайт, 2017 жылы арнаулы орта теологиялық білім алғандардың саны 44 пайызды құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 78 пайызға артып отыр. Қазіргі таңда республика бойынша медреселер мен жоғары оқу орындарда 229 ақтөбелік білім алып жатыр, оның 86-сы Ақтөбе медресе-колледжінде оқиды. Болашақта оларды өңір бойынша жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылмақ.

Егер діни білім алғысы келген азаматтар болса, алдағы уақытта облыстағы Ақтөбе медресе-колледжіне оқуға түсулеріне болады. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап Ақтөбе қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениет университетінің кіші дайындық курсы жұмыс істейді. Оны аяқтағаннан кейін Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» университетіне грантқа түсуге мүмкіндік бар. Жалпы бүгінде республика аумағында діни мамандар даярлайтын 9 медресе («Астана» медресесі, «Әбу Ханифа медресесі», «Үшқоңыр медресесі», «Шымкент медресесі», «Сарыағаш медресесі», «Һибатулла Тарази» медресесі,  «Ақтөбе медресесі», «Орал» медресесі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі) және 6 жоғары оқу орны (Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениет университеті, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев  атындағы университет, С.Бектенов атындағы университет, Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті) бар. Осы оқу орындарында ғана жоғары, жан-жақты білім алуға болады. 

-Білім тақырыбын қозғағанда, оқырмандарға діни әдебиеттер туралы да айта кеткім келеді. Қазір елімізде тыйым салынбаған діни әдебиеттерді қайдан алуға болады? Оларды қалай таңдау керек?

Біріншіден, кітаптың мұқабасында мөр болуы керек. Сонымен қатар, өңір тұрғындары Ақтөбе облысының дін істері басқармасына жолығып, өтінішке ресми түрде жауап ала алады. Жалпы, мұсылмандар дін туралы электрондық форматта сенімді әрі тексерілген білім алғысы келсе, «Kazislam.kz», «Nurgasyr.kz», «Muftiyat.kz», «Ansar-aktobe.kz», «Haqjoly» сияқты интернет-ресурстар мен сайттарды оқуына болады. Мәселен, «muftyat.kz» сайты белсенді түрде жаңалықтар, танымдық мақалалар, бейнероликтер, фото-баннерлер жариялайды. Аталған сайттағы ақпарат күн сайын жаңартылады. Сонымен қатар, ел аумағында тыйым салынған әдебиеттер тізімін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Ақтөбе облысының дін істері басқармасының ресми сайтынан оқып, танысуға болады.

— 2011 жылы облыстағы Темір ауданында радикалды топ өкілдері полицияға шабуыл жасап, арнайы операция болған-ды. Бірнеше күнге созылған операцияда 9 содырдың көзі жойылған еді. Қазір осы аудандағы діни ахуал қалай? 

— Қазіргі таңда Темір ауданындағы діни ахуалға тұрақты деген баға беруге болады. Біз аудандағы құзырлы органдармен бірлесіп, әр түрлі жұмыстар атқарып келеміз. Бұл ауданда қазір 9 мешіт бар, оның 8-і ауылдық округтерде орналасқан. Барлық мешіттер имамдармен қамтылған. Сонымен қатар ауданда «Темір аудандық жастар арасындағы дін істері орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызмет атқарады. Бұл орталықта екі теолог, бір психолог жұмыс жасайды. Бұл мамандар тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру және өзге деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарға жергілікті имамдар да тартылған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында облыстық және республикалық деңгейдегі мамандар да осы ауданға жүйелі түрде шақырылып, түрлі кездесулер өткізіп тұрады.

Жалпы, сол уақыттағы жағдаймен алып қарайтын болсақ, қазір тұрғындардың діни сауаттылығы біршама артты десек те болады.

Бүгінге дейін жалпы аудандарда басқарманың ұйымдастыруымен дәстүр мен дін сабақтастығы туралы көп жұмыстар жүргізілді. Ата-салтымыздың дінге қайшылығы жоқтығын, ата-бабаларымыз дәстүрлі Ханафи мазһабын ұстанғанын түсіндіру бағытында біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, әр түрлі форматта жұмыстар атқарып келеміз. Биыл діни басқарма тарапынан ел арасында түсіндіру жұмыстарын ерекшелікпен ұйымдастыру мақсатында облыс аумағындағы елді мекендерге іс-сапарлар ұйымдастырылып жатыр. Жалпы шараның мақсаты — тұрғындардың көкейіндегі толғандырған сұрақтарға діни мамандардың жауаптарын жеткізу. Бұл жұмыстың нәтижесі уақыт өткен сайын көрінетіні сөзсіз. Бүгінге дейін мұндай аталған шара Мұғалжар, Темір аудандарында ұйымдастырылды. Ендігі кезекте мамандар өз жоспарларына сәйкес басқа да аудандарға шығатын болады.

— Қазір жастар арасында еліктеушілік басым боп барады. Осы орайда жастармен жұмыс жүргізіп жатқан теолог мамандар бар ма? 

— Соңғы жылдары дінге деген қызығушылық деңгейі айтарлықтай жоғарылағанын мойындау керек. Қазіргі қоғамда тек жұма намазын оқып, жыл сайын ораза ұстайтындар және бес уақыт намаз оқитын жастарымыз бар. Жалпы, жастардың деструктивті діни ағымдарға түсуінің жалғыз себебі –  шынайы дінді культтерден ажырата алмайтын діни сауатсыздық және діни білімінің деңгейі. Өкінішке қарай, қазіргідей интернет дамыған заманда жастардың басым көпшілігі діни мазмұндағы ақпаратты өз бетінше алуға тырысады, яғни интернет кеңістігінде түрлі уағыздарды тыңдайды.

Негізі, жастар — жалған діни уағызшылардың сүйікті аудиториясы. Себебі тыйым салынған уағызшылар жас қазақстандықтардың діни білімдеріндегі олқылықтар мен қаржылық тұрақсыздықты пайдалана отырып, өздерінің жалған құндылықтарын жүктейді.

Осыған байланысты біз діни экстремизм мен терроризмнің көріністерін, оның ішінде жастар арасындағы еліктеушіліктің алдын алу мақсатында арнайы жоспарлар бекітіп, тиісті жұмыстар атқарып жатырмыз. Аталған жоспарға сәйкес, кәсіби діни мамандар күн сайын мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында, әскери бөлімдер мен Талғат Бигельдинов атындағы әуе қорғаныс күштері университетінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да үздіксіз жүргізілетін болады. 

Сонымен қатар өңірімізде БАҚ пен интернет-ресурстарға аса назар аударылып, барлық әлеуметтік желілерде (Instagram, facebook, VK, Tik Tok, YouTube хостингі) тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, желілерге онлайн-сайыстар мен семинарлар, қызықты әрі пайдалы бейнематериалдар мен суреттер салынып, «tanym trend» пен «Дін және Фактчекинг» бағдарламалары ашылды.

Мәселен, биыл жыл басынан өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының дінтанушы мамандарының қатысуымен және жергілікті дін саласындағы мекемелердің атсалысуымен облыста 12 128 жасты қамтыған әр түрлі форматтағы жалпы саны 235 шара ұйымдастырылды. Осы іс-шаралар аясында «Әлеуметтік желідегі деструктивті діни бағыттың арбауы», «Деструктивті діни ағымның ықпалына түскен адамдар бойындағы өзгерістер» және т.б. тақырыптарында дәрістер өткізіліп, «Адасқанның айыбы жоқ» көркем фильмдері мен «Бүліктен сақ бол!», «Білімдіге дүние жарық» бейнероликтері көрсетіліп, бүктемелер мен жарнамалар таратылды. Бұл жұмыстардың барлығы болашақ ұрпақты, жастарды жат дін ағымдарынан сақтандыру, олардың діни білімін жетілдіру бағытында жасалды. Біз осындай шаралар арқылы жастардың көкірек көзін ашып, оларды тәрбиелейміз, имандылыққа үндейміз. 

Соңғы кезде орамал мәселесі елімізде жиі көтеріліп жүр. Бұл тұрғыда ата-аналармен, балалармен бірлескен шаралар жүргізіліп жатыр ма?

-Сұрағыңыз орынды. Жалпы соңғы жылдары бұл мәселе қоғамда жиі айтылып жүр. Дегенмен біз бұл мәселеге келгенде ешкімге шарт қоя алмаймыз.

Негізінен, мектепте орамал тағу мәселесіне келсек, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің білім беру орындарында мектеп формасына қатысты бекітілген қағидасы бар. Бұл мәселе бойынша облыс аумағында жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылып келеді. Білім басқармасы тарапынан ата-аналар комитеті, қоғам белсенділері мен жергілікті дінтанушы мамандармен бірлескен жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, облыс аумағындағы 79 мектептің ата-аналары мен мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен түрлі тақырыпта кездесулер өткізілді. Меніңше, бұл тұрғыда біздің облыс аумағында күрделеніп тұрған мәселе жоқ. 

Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы