Ақтөбеде дағдарыс орталығының ғимараты тозып тұр

31 Қазан 2024, 15:12
272
Бөлісу:
Ақтөбеде дағдарыс орталығының ғимараты тозып тұр
Фото: Артём Чурсинов -архив

Ақтөбедегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының ғимаратына күрделі жөндеу керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл орталық 2018 жылы үкіметтік емес ұйым негізінде ашылған. Ал 2022 жылдың желтоқсан айында мемлекет меншігіне өткен. Қазір бұл орталықты отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалар паналайды.

Облыстық мәслихат депутаты Күлпаршын Айдарханова орталық қызметкерлері аналар мен балаларға барынша қызмет көрсетіп жатқанын айтады. Дегенмен 1960 жылы салынған ескі ғимаратқа күрделі жөндеу керек. Мұнда жылу, су, кәріз құбырлары мен электр жүйелерінің тозығы жеткен. Орталықтағы төсек-жабдықтар мен жиhаздар да ескірген.

Дағдарыс орталығында тұрып жатқан әйелдердің толыққанды көмек алуы үшін оларға жан-жақты жағдай туғызу керек. Бұл мәселені мен депутаттық сауал ретінде облыстық мәслихатта көтерген болатынмын. Бұл жобаға қажет қаражатты мәслихатта келесі жылы бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл орайда қала әкімдігіне де хат жолдадық. Әкімдік мамандары жобаны қарап, құрылыс бөлімі арқылы жобалық-сметалық құжаттамасын дайындайды. Меніңше, орталықтағы жағдай үйдегідей болуы керек. Жалпы, мекеменің тұрған территориясы жақсы, бөлмелері кең, — дейді Күлпаршын Айдарханова.

Орталық басшысы Раиса Байлиеваның айтуынша, қазіргі таңда мұнда 29 адам тұрып жатыр. Мекеме мамандары әйелдерге жұмыс тауып беріп, заңгерлік, психологиялық көмек көрсетеді.

Бүгінде орталық ғимараты да, ондағы құбырлар да ескірген. Дегенмен біз заңға сәйкес үш жылға дейін мекемеге күрделі жөндеу жүргізе алмаймыз. Қазір мұнда полиция қызметкерлері алып келген әйелдер тұрып жатыр. Олар орталықта 6 айға дейін тұра алады, — дейді Байлиева.

Өзгелердің жаңалығы