Ақтөбе қалалық №2 соты өздерінің қызметін пайдаланып, мемлекет қаржысын талан-таражға салғандарды соттады. Олардың біреуі - 8, екіншісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған қылмыстық іс Қылмыстық Кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қаралды. Белгілі болғандай, сотталушылардың бірі бұған дейін Ақтөбе қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігі мен цифрлық технологияларды қамтамасыз ету орталығын басқарған. Ол 2023 жылдың сәуір-қараша айлары аралығында қызмет еткен. Осы уақыт ішінде ол қызметтік өкілеттігін пайдаланып, жеке кәсіпкерлер үшін мемлекеттік сатып алу шарасын ұйымдастырған.
Сотталушы бір кәсіпкерлік нысанының мемлекеттік сатып алуға қатысуын қамтамасыз етіп, жол белгілерін салуға қосымша келісімшарттар жасаған. Заң бұза отырып, жалған актілерге қол қойып, мемлекетке 272 миллион теңге көлемінде залал келтірген. Ал екінші сотталушы әлгі басшымен бірігіп, жасалмаған жұмыс үшін ақша алған. Аталған қаражат нақты мақсатқа жұмсалмай, екі адам арасында бөлінген. Сотта екі сотталушы да өз кінәларын мойындамады. Алайда куәгерлердің жауаптарымен, сондай-ақ іс-құжаттарда бекітілген басқа да дәлелдемелермен олардың кінәсі расталды, - дейді Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметі бөлімінің бас маманы Жансая Таирова.
Сот істі қарай келе, экс-шенеунікті Қылмыстық Кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ал кәсіпкер Қылмыстық Кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.