Ақтөбеде биыл 2,7 млн тонна мал азығы жиналады. Бұл бір жарым жылға жеткілікті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Ақтөбеде шөп шабу, мал азығын дайындау жұмысы жалғасып жатыр.
2024-2025 жылдары 918 мың бас мал қыстайды деп жоспарланған. Оған 1,8 млн тонна шөп қажет. Бізде климаттық жағдай ескерілді. Қыс ұзап кетуі мүмкін деп шаруаларға бір жарым жылдық мал азығын дайындау тапсырылды. Биыл 2,7 млн тонна мал азығы дайындалады. Оған толық мүмкіндік бар. Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 26,9 млн гектарды құрайды. Оның 25,3 млн га жері жайылым болса, 465 мың га жері шабындық, - деді Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бөлімінің бас маманы Ермек Әділбек.
Шөп шабу, мал азығын дайындау жұмыстарына 10 мыңнан астам техника жұмылдырылған.
Айта кетейік, қазіргі кезде бір жарым жылдық жоспардың 70%-ға жуығы орындалды. Шаруалар мен ақтөбеліктер бір жылға қажетті мал азығын жинап алды.
Еске салсақ, өңірде астық жинау жұмысы да жүріп жатыр. Ақтөбе облысында биыл 600 мың гектардан астам жердің 432 мың гектарына дәнді дақыл, 62 мың гектарына майлы дақыл егілді. Мал азығы үшін 94 мың гектар жер бөлінді.