Ақтөбеде бастау алған «Ауыл аманаты» республикаға үлгі

28 Ақпан 2023, 19:07
1132
Бөлісу:
Ақтөбеде бастау алған «Ауыл аманаты» республикаға үлгі
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» атты республикалық форум өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Форумға жалпы саны мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында ауыл-аймақтардан келген шаруалар мен кәсіпкерлер бар.

Шараны ашқан Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасының маңызы мен бұл бағдарламаның өңір тұрғындарының табысын арттыруға тигізетін пайдасы туралы айтып берді.

Ақтөбе облысында халықтың 25,5 пайызы немесе 236 мың адам ауылдық жерлерде тұрады. Соңғы 4 жылда ауыл халқының саны 7,1 пайызға азайған. Олардың қатарында жастардың саны көп. Осыны ескеріп біз пилоттық жоба ретінде былтыр елімізде алғаш рет «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырдық. Біз ауылдың мәселелерін шешпей, қаланың проблемаларын шеше алмаймыз, — деген Ералы Тоғжанов өңірде «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылса, елді мекендердегі жұмыссыздық деңгейі 41 пайызға, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың үлесі 50 пайызға дейін азаятынын жеткізді. 

Оның айтуынша, ауыл халқының табысы артса, елді мекендердің де жағдайы жақсарады, мал саны көбейіп, әлеуметтік нысандар саны ұлғаяды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде Ақтөбе өңірінде халық тұтынатын 65 негізгі азық-түліктің 7 түрін ғана өндіреді. Ал 45 түрімен тек ішінара кәсіпорындар ғана қамтамасыз етіп отыр.

Ақтөбеде бастау алған «Ауыл аманаты» республикаға үлгі

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келсек, облысқа құс етінің 95 пайызы шетелден және басқа аймақтардан жеткізіледі, ал көкөністермен қамтамасыз ету үлесі 40 пайызды ғана құрайды.

Форум барысында облыс әкімі шараға келген бизнес өкілдерін ауылдың дамуы мен абаттандырылуына сүбелі үлес қосуға шақырды. Ал ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек «Ауыл аманаты» жобасы алдағы уақытта республикалық деңгейде жүзеге асырылатынын, Ақтөбе облысының тауарлық несие беру тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне үлгі болатынын жеткізді.

Шарада сөз сөйлеген ҚР «Бейбітшілік және келісім» кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов Ақтөбе өңірі Мемлекет басшысының ауылдардың әл-ауқатын арттыру туралы тапсырмасын ойдағыдай орындап жатқанын айтып, жаңа жобаның халыққа берері көп екенін жеткізді. 

Ақтөбеде бастау алған «Ауыл аманаты» республикаға үлгі

Өкінішке қарай, қазір қалада қаржы тапшылығына ұшырап жүрген жастарды жиі көремін. Олар ауылдарға оралып, «Ауыл аманаты» жобасына қатысуы керек. Себебі бұл жоба — жастардың материалдық жағдайын жақсартуға, табысын арттыруға үлкен мүмкіндік, — деген ол жиналғандарды осы жобаны дамытуға үлес қосуға шақырды.

Форум соңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов кәсіпкерлермен жалпы құны 1,7 млрд теңге болатын меморандумға қол қойды. Бұл меморандум Ақтөбе облысында «Абаттандырылған ауыл» жобасын іске асыруға серпін береді.

Өзгелердің жаңалығы