Ақтөбе облысында балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиеваның айтуынша, былтыр өңірде балалардың қатысуымен 153 жол-көлік оқиғасы болған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 55 дерекке көп.
Былтыр облыста мемлекеттік аттестациядан өткізілген мектептердің 41 пайызы «Жолда жүру ережелері» міндетті оқу курсын толық игермегені анықталды. Сондай-ақ білім беру ұйымдары басшыларының оқушыларды тасымалдау ережелеріне қатысты талаптарды сақтамауы нәтижесінде былтыр бірнеше жол апаты тіркелді. Бүгінде өңірде 56 мектепте 10 012 оқушы 115 автобуспен, 9 газельмен тасымалданып, білім алады. Бұдан бөлек, қазір ұзақтығы 3 шақырым қашықтықтан қатынап оқитын 347 оқушыны тасымалдау үшін 4 транспортқа (2 автобус, 2 газель) қажеттілік бар, — дейді Г.Сәрсенғалиева.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының жол қауіпсіздігі бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, былтыр өңірде 648 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 169 адам көз жұмып, 791 адам әр түрлі жарақат алған. Оның ішінде 153 жол апаты балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болған. Салдарынан 25 бала көз жұмып, 162 бала жараланған.
Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында 86 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 18-і балаларға қатысты. Жол апатының салдарынан 6 бала көз жұмса, 19 жасөспірім әр түрлі жарақат алды. Өкінішке қарай, биылғы үш айда облыста 19 жолаушы жол апатынан қаза тапты. Бұған, ең алдымен, жүргізушілердің жылдамдықты асыруы негіз болып отыр, — дейді А.Бекбосынов.