Ақтөбеде бағдаршамдар неге жиі сөнеді?

29 Шілде 2024, 18:15
457
Бөлісу:
Ақтөбеде бағдаршамдар неге жиі сөнеді?
Фото: автордан

Ақтөбе қаласында бағдаршамдар жиі істен шығатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы кезде осындай ақаудың салдарынан жол-көлік оқиғалары көбеюде. Ұзын-сонар кептелістен көліктер қақтығысып, көшелерде тәртіпсіздіктер орын алуда.

Такси жүргізушісі Айбат Әділбай жуырда 312-атқыштар дивизиясы мен Әлия Молдағұлова даңғылдарының қиылысындағы бағдаршам істен шыққан кезде көлігін соғып алыпты. Кейін 35 мың теңгеге жөндеткен.

Бағдаршам істемегеніне қарамастан, өзге көліктердің артынан жүріп келе жатыр едім. Кенет оң жағымнан жеңіл автокөлік келіп соғып кетті. Содан тәртіп сақшылары келгенше 30 минут тұрдық. Екі жақ жол бойы кептеліс болып, барлық көлік тұрып қалды. Содан тәртіп сақшылары келіп әлгі жүргізушіге айыппұл салды. Былай қарағанда, ол кісінің де соншалықты кінәсі жоқ. Бұл жерде жол-көлік оқиғасына бағдаршамның сөніп қалып, көліктердің бейберекет жүруі себеп болды. Мұндай оқиғалар қазір жиілеп кетті. Осы ретте «Қаламызда бағдаршамдар неге жиі істен шығады?» деген сұрақ туындайды. Осы мәселені реттейтін қалада бір жауапты мекеме бар ма екен? Әйтпесе көлік апаты да, кептеліс те азаймайды, - дейді қала тұрғыны.

Ақтөбеде бағдаршамдар неге жиі сөнеді?

Ақтөбе қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының басшысы Абзал Тильмагамбетовтің айтуынша, былтыр облыс орталығында 90 бағдаршам орнатылса, биыл 4 бағдаршам қондырылған.

Бағдаршамдардың жиі сөнуі электр желісіндегі ақаулар мен ауа райына байланысты. Әсіресе, кабельдердің үзілуі, қосалқы станциялардың сөнуі бұған әсер етеді. Қазір қаламыздағы бағдаршамдардың дені Ресейден әкелінген. Оларды мердігерлер әкеліп орнатады. Сондай-ақ қаладағы «Светоком» компаниясында да шығарылады, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы