Биыл ақтөбелік сот орындаушылар алиментін төлемеген борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін сотқа 43 ұсыныс жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық әділет департаменті сот орындаушылар қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Әсел Иманқұлованың айтуынша, бүгінде Ақтөбе қаласындағы алимент өндіру бойынша кеңсе қызметіне 18 жеке сот орындаушы жұмылдырылған.
Олар биылғы жылдың І тоқсанында алимент өндіру туралы 14 990 атқарушылық істі жүргізген. Қазіргі таңда 13 975 атқарушылық істі қарап жатыр.
Ал жеке сот орындаушы Алмас Кулшановтың айтуынша, жыл басынан бері облыста жұмыспен қамту орталығына 354 борышкер жолданып, соның 319-ы жұмысқа орналасқан және 33 борышкер жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл шаралар борышкерлердің жұмыс істеп, алимент төлеуі үшін ұйымдастырылған.