Ақтөбеде әкімдік ғимаратынан шыққан өрт толық сөндірілді

Өртті сөндіруге 140-тан астам қызметкер мен 40-қа жуық техника жұмылдырылды.

 ТЖМ баспасөз қызметі Кеше 2026, 22:17
Кеше 2026, 22:17
125
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан алты қабатты әкімдік ғимаратының шатырында шыққан өрт толықтай сөндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына 5 минут ішінде жеткен. Алғашқы бөлімшелер келген кезде әр жерде үш ашық жану ошағы анықталған.

Өртті сөндіру барысында жалынның кең аумаққа таралуы, жанғыш материалдардың көптігі, қою түтін, жоғары температура және ғимараттың конструкциялық ерекшеліктері қиындық туғызды. Соған қарамастан, өрт сөндірушілер жедел әрекет етіп, су үздіксіз беріліп отырды.

Қауіпсіздік мақсатында ғимараттағы адамдар эвакуацияланып, оқиға орнында жедел штаб құрылды.

Өртті сөндіруге 140-тан астам қызметкер мен 40-қа жуық техника жұмылдырылды. Жалын 300 шаршы метр аумақта толық жойылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Еске сала кетейік, бүгін кешкі уақытта Ақтөбеде әкімдік ғимаратының шатыры өртенгенін жазғанбыз.

 

Наверх