Ақтөбе қаласында 5 мың көрерменге арналған әмбебап спорт кешені салынып жатыр. Нысанның құрылысы мен жабдықталуына Инфрақұрылымды дамыту қорынан 18,8 млрд теңге бөлінген. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 770 спорт нысаны жұмыс істейді. Олар халықтың спорт инфрақұрылымына деген қажеттілігінің 73,2 пайызын қамтамасыз етеді. Соңғы үш жылда өңірде 31 жаңа кешен пайдалануға берілген. Соған қарамастан, қолданыстағы нысандарға түсетін жүктеме жоғары.
Жалпы ауданы 31 мың шаршы метрден асатын жаңа кешенде халықаралық, республикалық және облыстық жарыстар өткізуге арналған 5 мың орындық арена, олимпиадалық стандартқа сай 50 метрлік бассейн, гимнастика залдары, баскетбол, волейбол және футзалға арналған алаңдар, сондай-ақ йога мен пилатес залдары болады.
Нысан кәсіби спорт жабдықтарымен жарақтандырылады. Спортшыларды даярлауға отандық және шетелдік жаттықтырушыларды тарту жоспарланған.
Жобада ерекше қажеттіліктері бар және жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға да басымдық берілген. Кешеннің негізгі аймақтарына, соның ішінде бассейнге, жаттығу залдарына, киім ауыстыратын бөлмелер мен көрермендер трибуналарына еркін қатынау мүмкіндігі қарастырылады.
Спорт кешенін 2028 жылғы ақпанда пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа нысан өңірдегі гимнастика залдары мен олимпиадалық бассейнге деген қажеттілікті өтеуге, спорт инфрақұрылымының өткізу мүмкіндігін арттыруға және балалар мен жастардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасайды.
Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 188 спорт кешенінің құрылысы жүргізілген. Қазіргі уақытта оның 69-ы аяқталып, 51-і ауылдық жерлерде пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 52 нысанды іске қосу жоспарланған.