Жаңа баспана иегерлері - халықтың әлеуметтік осал санаттарының өкілдері. Оларға пәтер кілттерін қала әкімі Азамат Бекет табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтөбе қаласында баспана кезегінде тұрған тұрғындардың мәселесін шешу мақсатында құрылысы жүріп жатқан үйлермен қатар, Ақтөбеде 553 пәтер (жалпы площадь 33 623 кв метр) сатып алынуда.
Бұл - кезекте тұрған мұқтаж азаматтардың мәселесін шешу үшін қабылданып жатқан шаралардың бірі.
Біз баспана кезегінде тұрған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуді жалғастыра береміз. Бұл мемлекетіміздің қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Жаңа пәтеріңіз берекеге толы болсын, - деп тілегін айтты қала әкімі Азамат Бекет.
Тұрғын үй кезегінде 28 мың адам тұр. Құрылыс салу және қаланың әр бөлігінде салынған үйлерден дайын пәтерлерді сатып алу жолымен мәселені шешу қолға алынды. Тұрғын үйлер 6 санат бойынша кезекте тұрғандарға берілуде.
Матросова, 3 адресінде салынған 5 қабатты үйден 34 пәтер алынды (1 бөлмелі - 7 пәтер, 2 бөлмелі - 16 пәтер және 3 бөлмелі - 11 пәтер). Бұл пәтерлер жетім бала, мүмкіндігі шектеулі жан және көп балалы отбасы категориясы бойынша кезекте тұрған азаматтарға беріліп жатыр. Құрылыс салушы мердігер — ИП “Кудайберген Г.”