Ақтөбе қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерде 970-тен астам жеделсаты болса, соның 238-і 25 жылдық нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Нұржан Нағыметовтің айтуынша, бүгінде облыс орталығындағы тұрғын үйлер мен нысандарда жалпы саны 1274 жеделсаты бар. Оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерде орналасқан жеделсатылардың саны — 973.
Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 973 жеделсатының 238-і 25 жылдық нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен. Яғни, бұл жеделсатылар тұрғындар үшін қауіпті.
Жыл сайын көппәтерлі үйлердегі жеделсатылар бойынша басқару нысандарының төрағалары аккредиттелген ұйымдарды тарта отырып, техникалық куәландыру жүргізеді. Қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын да жасайды. Осыдан кейін ғана сарапшылар оларды әрі пайдалану мүмкіндігі туралы қорытынды береді. Алайда пайдалану мерзімінің нормативтік ережелерін ескере отырып, қала әкімдігі оларды ауыстыру бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізуде. Мәселен қаламызда 2021 жылдан бастап 119 апатты жеделсаты жабдығы ауыстырылса, былтыр бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 751,1 миллион теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 93 жеделсаты жаңартылды, — дейді Нұржан Нағыметов.
Оның айтуынша, биыл 138 жеделсатыны ауыстыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлу үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетіне өтінім жолданған. Егер комитет қаржы бөлсе, жеделсатылар жыл аяғына дейін жаңартылады.
Бүгінде Беларустан шығарылған жеделсатының құны 9,1 миллион теңге тұрады. Жиынтық құнына жеделсатының жабдықтары, жобалық-сметалық құжаттар, техникалық қадағалау қызметі кіреді.