Ақтөбеде 1,5 миллиард теңге бөлінген мектептің құрылысы аяқталмаған

26 Тамыз 2020, 01:35
1437
Бөлісу:
Ақтөбеде 1,5 миллиард теңге бөлінген мектептің құрылысы аяқталмаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде мектеппен қамтудың соңы сақалды құрылысқа айналды. Үкіметтен 1,5 миллиард теңге бөлінсе де, осыдан 3 жыл бұрын басталған "Нұр-Ақтөбедегі" мың балаға арналған білім ошағының қашан ашылатыны белгісіз. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Бүгінде 50 адам тұратын ықшамауданның жұрты ұл-қызын "тасып оқытудан шаршадық" дейді. Ал құрылысқа тендер ұтқан компанияға қатысты қазір қылмыстық іс қозғалған. Бастапқыда халыққа "бір жыл ішінде қолданысқа беріліп, оқушылар осында сабақ оқиды" деп уәде берілген. Бірақ, әп дегенде қарқынды жүргізілген құрылыс қазір тоқтап қалған. Мектептің іргетасы қаланғанда тұрғындар балаша қуаныпты. Қазір сырты бүтін, бірақ, қақпасына шынжыр байланған ол ғимартты көрсе, тұрғындар кәдімгідей ашуланады.

Қашықтан оқытамыз деп, біз сонда сұрамай отыра береміз бе? Неше жылға созылып кетті? Сыртынан балаларымыз тамсанып қарайды. "Мама, осы мектеп біз үшін ашылатын мектеп пе, әлде, музейге әдемілікке қойылатын құр макет пе?" деп сұрайды. Енді осыған, әкім, жауап беріңіз, - деп ашынды Ақтөбе қаласының тұрғыны Шынар Оспанова.

Ал әкімдіктегілер бұның себебін сот процестерімен байланыстырады. Яғни, мердігер компания басшыларының үстінен осы мектеп құрылысына қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.

Мектептің басшылығына қылмыстық іс қозғалуына байланысты қазір тоқтатылып тұр. Бірақ, оны тергеу жүргізіп жатқан мекемеден құрылысты тоқтатпау туралы келісім алып, ары қарай жалғастырғымыз келіп отыр, - деді Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.

Оның айтуынша, бәрі мердігерге байланысты. Өйткені, қазынадан мектеп құрылысына деген қаржыны сол мердігерге аударып қойған. Енді тергеушілер құрылыс жүргізуге рұқсат бергеннің өзінде, құрылысшылар оны жаңа жылға дейін аяқтап үлгере ала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Өзгелердің жаңалығы