Бүгін «Қазақ вальсінің королі» атанған белгілі сазгер, Қазақстанның халық артисі және Қазақстанның Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 92 жыл толып отыр.
Осыған орай Ақтөбе қаласында ұлы тұлғаны еске алуға арналған іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Алдымен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайында күйші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев, «Шәмші аға — ән аға» қоғамдық қорының төрағасы Бақыт Ғиззатов, «Шәмші аға — ән аға» қоғамдық қорының директоры Қайырғали Арыстанғалиев, аталған қордың мүшесі Хабиба Сарқұлова, т.б. белгілі азаматтар мен қор мүшелерінің қатысуымен басқосу өтті.
Басқосуда Шәміл Әбілтаев 1965 жылы бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысына Шәмші Қалдаяқов ақын Төлеген Айбергеновті ертіп келгенін, қос тұлғаны сол кездегі Қазақстан Комсомол Орталық комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков елге «Ақ Ерке-Ақ Жайық» әнін үйретіп, насихаттауға жібергенін айтып берді. Сол жылы Шәміл Әбілтаев 17 жастағы музыкалық училищенің 3-курс студенті екен.
Сол жылы музыкалық училищенің директоры Сейілхан Құсайынов маған: «Шәміл, сен сабақты жақсы оқисың. Сені бір аптаға босаттым. Мына ағаларыңа күй тартып бер» деп жіберген. Содан мен сол кісілердің қасында жүріп, күй тартып берген болатынмын. Дәл сол сапарында Шәмші ағамыз Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты атағының 1 куәлігін алғанын естідік. Бұл жетістігін білген Шәмші ағамыз желпінбей, үлкен сабырмен: «Халықтың еңбегі ғой», — деп, қабылдады. Сол сапарында үлкен отырыста отырғанда, Төлеген Айбергенов ағамыз маған Дәулеткерейдің «Құдаша» күйін тартып беруімді сұрады. Содан маған екі ағамыз сол күйді 18 рет тартқызды. Сосын маған Шәмші ағам: «Әй, сен бала оқы, мен консерваторияны 12 жыл оқып, бітіре алмай жүрмін, сен тек нотаны емес, ана физика, химияны да қоса оқы», — деген болатын. Сол сөзі қазір қарап отырсақ, бата сияқты, — деп, өткен естеліктерімен бөлісті.
Басқосуға жиналғандар Шәмшінің әндерінің тарихы, оның ел мәдениетінде алар орны туралы тәрбиелі әңгімелерін айтып, пікір-ұсыныстарын ортаға салды.
«Шәмші аға — ән аға» қоғамдық қорының директоры Қайырғали Арыстанғалиевтің айтуынша, жыл сайын 15 тамызда қор бастамасымен өңірде кең көлемде осындай іс-шаралар өткізіледі. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Шәмшінің туған күнінде композитор атындағы ауылда мешіт ашылса, тағы бір туған күнінде сквер пайдалануға берілген, сондай-ақ ескерткіш-бюст орнатылған. Ал өткен жылы облыс орталығындағы «Ғашықтар» аллеясында Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновке ескерткіш-мүсін қойылды.
Шәмші өлгенмен, халық үшін ол өлген жоқ. Сондықтан біз ұлы композитордың есімін ұлықтауда 16 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеміз. Биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Шәмшіге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Біз үшін бұл естен кетпес оқиға болды. Шәмші — тірі кезінде бағаланбаған, жұмбақ болған тұлға. Ол — артына жүздеген ән, мол мұра қалдырып, қазақ мәдениетіне сүбелі үлес қосып кеткен қайраткер. Бүгін, міне, композитордың туған күніне арнап осындай облыс көлемінде шаралар өткізіп жатырмыз. Мәселен, ән фестивалі былтыр Қарғалы ауданында өтсе, биыл облыс орталығында өткізіліп отыр, — деді қор директоры.
Ән фестивалі Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші-мүсіні орнатылған алаңда өтіп жатыр. Оған облыстағы барлық шығармашылық ұжымдары қатысып, елін сүйген, елі сүйген композитордың әндерін орындауда.
Осылайша бүгін ұлы тұлғаның туған күнінде оның әндері Ақтөбенің аспанында қалықтады.