Ақтөбе жұртшылығына басымды иіп, мың мәрте алғыс айтамын – Оразалин

31 Тамыз 2022, 16:47
1467
Бөлісу:
Ақтөбе жұртшылығына басымды иіп, мың мәрте алғыс айтамын – Оразалин

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі лауазымындағы қызметін аяқтаған Оңдасын Оразалин жерлестеріне алғыс айтты деп хабарлайды BAQ.KZ.  

Ол әлеуметтік желідегі жазбасын ата қонысы Ақтөбеде жұмыс істеп, жерлерлестерге қызмет ету үлкен мәртебе, асқан жауапкершілік болғанынан бастады. Содан соң облыс әкімі лауазымын сеніп тапсырған Мемлекет басшысына, шешімдеріме қолдау көрсеткен барша ағайынға алғыс айтты. 

Қарап отырсам, облысымыздағы 315 елді мекеннің 285-іне арнайы барыппын. Осы сапарларда тұрғындармен кездесіп, олардың айтар сөзін, артар міндетін өз құлағыммен естідім. Ашық әрі еркін форматта өткен кездесулер нақты жоспарға, ал жоспарлар жобаларға ұласты. Аллаға шүкір, үш жарым жыл ішінде ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктеріміз де жетерлік. Әлбетте, жоспарлаған, алайда жүзеге асырып үлгермеген жұмыстар да жоқ емес, - деді ол жазбасында. 

Сонымен қатар, экс-әкім соңғы үш жарым жылда қандай өзгерістердің куәсі болғанын баяндады. 

Аулаларды жаңғыртқанда, балалардың риясыз күлкісін көрдік. Жолдар мен көшелерді жөндегенде, көшесінде, ауылында ешқашан асфальт болмаған ақсақалдың батасын алдық. Үйлерге газ бен таза су тартқанда, тұрмысы жеңілдеген тұрғындардың қуанышын көрдік. Жаңа жұмыс орындарын ашқанда, табысы молайған жерлестердің шаттығына ортақтастық. Мектеп пен балабақшалар салдық. Емханалар мен спорт кешендерін тұрғыздық, - деді Оразалин.  

Осы орайда Оңдасын Оразалин «Ақтөбе» футбол командасын жандандырып, қазір оның  премьер-лигада топ бастап тұрғанын және чемпион болатынына сенімін білдірді.

Әрине, жұмыр басты пенде болғасын кемшіліктеріміз де болды. Азаматтық санасы жоғары Ақтөбе жұрты сол кемшіліктеріміз байқап, салмақты сын мен орынды ұсыныстарын үнемі айтып отырды. Бұл біздің жұмысымызды жақсарта түсуге, өзімізді қамшылауға өз септігін тигізді. Сондықтан да мен Ақтөбе жұртшылығына басымды иіп, мың мәрте алғыс айтамын. Ал егер менде кеткен кемшілік, өкпе-наз болса, оған да иіліп кешірім сұраймын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы