Ақтөбе суға кетпей ме?

21 Ақпан 2024, 13:05
2656
Бөлісу:
Ақтөбе суға кетпей ме?
Фото: автордан

Ақтөбеде жыл сайын көктемгі су тасқынына қарсы шаралар ақпан айынан басталады. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынуда. Алайда жауапты мекемелер өз жұмысын тиянақты атқарып жатыр ма? Биыл Ақтөбе суға кетпей ме? Осы орайда Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі су тасқынына жауапты мекеме басшыларымен әңгімелескен еді.

Биыл да Ақтөбе облысында қар көп жауды. Қыс мезгілі болғанына қарамастан жауын-шашын да болды. Қазір облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңірде су тасқынының алдын алу үшін тиянақты жұмыс жүргізуде. Алайда ауа райы күрт жылынып, қар ерісе, елді мекендерге төнетін қауіп жоғары.

Облыс әкімдігінде өткен жиында Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жаңабергенов өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын, алайда бірқатар ауданда жергілікті маңызы бар жолдарды қар суы еріп, шайып кетіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, облыстағы Шалқар, Байғанин, Ойыл аудандарында бірқатар жолға су жайылып үлгерген.

Ақтөбе суға кетпей ме?

Биыл жауын-шашынның мөлшерін, қардағы су қорын, топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткішін, жер тоңының қату тереңдігін, топырақ бетінде мұз қабығының болуын, сондай-ақ Ақтөбе облысы өзендерінің мұзды және температуралық режимдерін талдай отырып, қаншалықты қаламасақ та, су тасқыны болатынын білеміз. Біз соған дайын болуымыз керек. Бүгінде «Қазгидрометтің» деректеріне сәйкес, облыс бойынша топырақтың қату тереңдігі максималды көрсеткіші Ырғыз ауданының Нұра ауылында - 118 сантиметр, минималды көрсеткіші Мәртөк ауданының Родниковка ауылында - 22 сантиметр. Ал Ақтөбе қаласында – 32 сантиметрді көрсетіп отыр. Алдағы айда ауа температурасы 2 градусқа дейін жылитын болады. Сондықтан жыл сайынғы жағдайды қайталамас үшін су тасқыны кезеңінде қауіп-қатердің орын алуына жол бермеуіміз керек, - деді ол.

Айбат Жаңабергенов су тасқынының алдын алуда қар шығару жұмыстарын күшейтудің маңызы зор екенін айтады. Мәселен, бүгінде Ақтөбе қаласы аумағынан 174 мың текше метр қар шығарылса, былтыр халқы суға кеткен Қобда ауданында 3220 текше метр қар тасылған. Аудандар арасында Ойыл ауданы көш соңында тұр. Былтыр бұл ауданның Қаратал ауылында да тұрғындар әбігерге түсіп, тасқыннан зардап шеккен еді.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, облыста 11 мыңнан астам адам тұратын 36 елді мекен (2381 үй) су басу қаупі бар аумаққа жатады. Дегенмен бүгінде 11 елді мекенде су басу қаупі жойылған. 10 ауылда қауіп барынша азайтылған. Ал 15 елді мекенде қауіп әлі сақталуда. Олар: Әйтеке би ауданындағы Т.Жүргенев, Әйке, Талдысай ауылдары, Мәртөк ауданындағы Саржансай, Мәртөк, Қазан, Байтұрасай ауылдары, Қарғалы ауданындағы Бадамша ауылы, Қобда ауданындағы Қобда ауылы, Темір ауданындағы Шитүбек, Қопа, Құмсай, Бабатай ауылдары, Ойыл ауданындағы Екпетал, Қаратал ауылдары.

Биыл су тасқынына қарсы іс-шараларға жалпы саны 1638 адам, 350 техника, 66 жүзу құралы, 232 мотопомпа дайындалды. 70 тонна жанар-жағармай, 2232 тонна инертті материал, 30 мың дана қап алынды. Алдағы наурыз айында ауа температурасы 2 градусқа нормадан жоғары болады деп күтілуде, жауын-шашын мөлшері нормадан артық деп болжанып отыр. Метеостанциялардағы көпжылдық бақылауларға сәйкес ақпан, наурыз, сәуір айларында тәулігіне бір айлық жауын-шашын мөлшері түсуі мүмкін, бұл қауіпті табиғи гидрометеорологиялық құбылыстардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Жалпы, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бүгінде өте өзекті, ол тұрақты бақылауды талап етеді, - дейді департамент басшысы.

Былтыр Ақтөбе облысы Қобда ауданының орталығы суға кетті. Көктемгі су тасқыны кезінде 79 үй, 22 аула аумағы еріген қар суы астында қалды. Дегенмен өңірде төтенше жағдай жарияланып, соның нәтижесінде баспанасы суға кеткен 30-ға жуық отбасы жаңа үйге көшірілді. Одан бөлек, Ойыл ауданының Қаратал ауылында да бірқатар отбасының баспаналарына су кірді.

Қобда ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Сұлтановтың айтуынша, ауданда су тасқынының алдын алу мақсатында 20 мың дана қапшық, 18 тонна жанар-жағармай, 5 дана су сору техникасы, 10 дана инженерлік техника, 33 дана мотопомпа, 15 дана моторлы және үрмелі қайық, 200 тонна инертті материал дайындалған. «Орал-Ойыл» автомобиль жолындағы бағыттаушы бөгетті қалпына келтіру жұмыстарының бір бөлігі аяқталған. Мұнда мердігер ұйымның демеушілігімен арық қазу жұмыстары жүргізіліп, далалықтан келген еріген қар суын бұру шаралары қолға алынған.

Қобда ауылынан бүгінде 3220 текше метр қар шығарылды және автомобиль жолдарының, көпірлердің, су өткізгіш құбырлардың қардан және мұздан уақытылы тазартылуы қатаң бақылауға алынды, - дейді ол.

Ал Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша, биыл аудандағы үш ауылдың суға кету қаупі бар. Мұндағы жалпы халық саны — 1891. 300 тұрғын үйді су алуы мүмкін.

Өткен жылы су тасқыны кезінде ауданда бұзылған барлық жол биыл толық жөнделді. Қаратал ауылына кіреберіс автомобиль жолын көтеріп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сондай-ақ Ойыл-Қараой мен Сарбие, Екпетал, Қайыңды ауылдарына кіреберістегі автокөлік жолдары астына су өткізу құрылғылары салынды. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау мақсатында құрамында 145 адам бар азаматтық қорғау қызметі құрылды. 17 техника, 7 қайық, 15 судан құтқару жабдығы, 31 мотопомпа, су сору насосы дайындалды. Қазіргі таңда аталған ауыл тұрғындарын су тасқыны кезінде эвакуациялау үшін сыйымдылығы 2000 адамға арналған 12 пункт дайындалып жатыр, - дейді аудан әкімі.

Биыл Ақтөбе қаласына да қауіп төніп тұр. Қала аумағындағы өзендер мен тоғандарда судың деңгейі көтерілсе, шеткі аумақтарда орналасқан саяжайлар мен тұрғын үйлерді су басуы мүмкін.

Келешек тұрғын алабының тұрғыны Әсет Жарылқасынұлы биыл баспанасы суға кете ме деп алаңдап отыр. Себебі саяжайдан салған үйі Елек өзеніне жақын орналасқан. 2017 жылы бұл аумақты түгел су шайған. Биыл да қар суы еріп, су деңгейі көтерілсе, бұл аумақтағы үйлерге қауіп төніп тұр.

Осыдан он шақты жыл бұрын осы жерден үй салып алғанбыз. Саяжай болғанымен, газ, су, жарық - бәрі бар. Тек жол жоқ. Көктемде су тасқыны қаупі төнсе, біраз алаңдап, үй ішімізбен баспанамызды су алып кете ме деп қорқамыз. Басқа жерден тұрғын үй салуға немесе пәтер алуға қаражатымыз жоқ. Отбасында екі бала тәрбиелеп отырмыз. Олардың тамағы мен киім-кешегінен тапқан табысым артылмайды. Жолдасым үйде отыр, жұмыс істемейді, - дейді ол.

Ақтөбе суға кетпей ме?

Әсет тұратын саяжай 2017 жылы суға кеткен екен. Сол жылы өңірімізде төтенше жағдай жарияланып, су тасқыны болған еді. Соның салдарынан 290 саяжайды су алып, бау-бақша ұжымындағы 5 үй құлап қалған болатын. 700-ден астам адам эвакуацияланып, құтқарылған еді. Қазір осы саяжайлардағы тұрғындар тағы да алаңдаушылық білдіріп отыр. Дегенмен Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет биыл қаланың қауіпсіздігі өз бақылауында екенін айтады. Оның айтуынша, су тасқынының алдын алуда биыл жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның 200 миллион теңгесі арықтар мен каналдарды тазартуға жұмсалса, 200 миллион теңге еріген қар суы мен жаңбыр суын сору жұмыстарына қарастырылған.

Биылғы жылы көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларға 140 ассенизатор машина, 2 қозғалмалы насостық станция мен помпа, 80-нен астам ауыр техника, оның ішінде бульдозерлер, крандар, экскаваторлар, тиегіштер, жүк тасымалдағыш самосвалдар жұмылдырылады. Сондай-ақ суды бөгеу үшін 7 мың тонна инертті материал мен 5,5 мың дана қапшық дайындалды. Жауапты мекемелер 8 ақпаннан бастап Мәскеу, Сүт зауыты, Шанхай, Сазды, Құрмыш аудандарында жаппай қар шығару жұмыстарын жүргізілуде. Себебі осы аудандардағы көшелер жыл сайын суға кетеді, - дейді шаһар басшысы.

«Қазсушар» мекемесінің деректеріне сүйенсек, бүгінде облыстағы су қоймаларында судың деңгейі қалыпты. Ақтөбе су қоймасында қазіргі уақытта 141,8 миллион, Сазды су қоймасында 3,64 миллион, Қарғалы су қоймасында 149,4 миллион текше метр су бар.

Қорыта айтсақ, жергілікті атқарушы органдар биыл Ақтөбе суға кетпейтінін айтады. Алайда апат айтып келмейтінін ескеру қажет...

Өзгелердің жаңалығы