Ақтөбе қалың қардан тазартылып жатыр

24 Ақпан 2023, 18:23
1594
Бөлісу:
Ақтөбе қалың қардан тазартылып жатыр
Фото: автордан

Соңғы екі-үш күнде Ақтөбе облысында қалың қар жауып, боран соқты. Соның салдарынан жол қатынасына кедергі келіп, жолаушылар қар құрсауында қалды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

21-23 ақпан күндері облыс аумағында қалың қар жауып, тұрғындар әбігерге түсті. Ал қала тазалығына жауап беретін мекемелер көше жолдарын тазартуға үлгермей жатыр. 

Қазір қала көшелерін қардан тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Дегенмен жасалып жатқан жұмыстар бірқатар жүргізушілердің көңілінен шықпай отыр.

Биыл қар қалың. Қаланың сырты былай тұрсын, орталық көшелердің бойы қардан әлі толық тазартылмай жатыр. Мердігер ұйымдар өз жұмысын жауапкершілікпен атқарса дұрыс болар еді. Жаяу жүргіншілерге қиын болмаса да, көлік жүргізетін бізге көшелердің қардан толық тазартылмауы жол қатынасына қиындық әкеліп отыр. Жол көк мұз, тротуарларға қар жиналып қалған. Тұрғындар сол үшін жол бойымен жүруге мәжбүр. Ал бұл қауіпсіздікке жатпайды. Осы мәселені мекемелер шешсе екен, - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Қайрат Алдашев. 

Ал Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, қазіргі таңда қаланы қардан тазалауға 240-тан астам арнайы техника жұмылдырылуда. Жалпы қала бойынша 14 мердігер ұйым қар тазарту жұмысымен айналысады.

Ақтөбе қалың қардан тазартылып жатыр

Биыл қыс мезгілінде қала аумағынан полигонға 150 мыңға жуық текше метр қар шығарылды. Қазір мекемелер осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы су басу қаупі бар Мәскеу, Құрмыш, Сүт зауыты аудандарының қар шығару жұмыстарына үш компания тартылып отыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты мердігер мекемелердің техникалары маршруттар жүретін жолдарды тазартуға бағытталып отыр, — дейді Жомарт Бақыткелді. 

Айта кету керек, соңғы күндері боранды қыстың кесірінен жолдағы жолаушылар да біраз әбігерге түсіп, құтқарушылардың көмегіне зәру болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, соңғы тәулікте облыста барлығы 600-ге жуық автокөлік, 1300-ден астам жүк көлігі және 23 жолаушылар автобусы жолда қалып қойған. Департамент мамандарының күшімен 13 адам құтқарылған. Бүгінге дейін жолда қалған 500-ден астам адам жылы орындарға орналастырылған. Ал 5 жолаушылар автобусымен Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келе жатқан жалпы саны 250-ге жуық адам арнайы орындарға эвакуацияланған. 

Бүгінде облыста қар шығарумен қатар көктемгі су тасқынына қарсы шаралар да қарқынды жүргізілуде. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысының орынбасары Саид Молдақараевтың айтуынша, қазір департамент қызметкерлері Ақтөбе облысының аумағында су тасқыны қаупі бар учаскелердің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстануда. 

Өткен жылдың күз айларынан бастап осы күнге дейін облыс аумағында жалпы саны 50-ден астам іс-шара өткізіліп, соның нәтижесінде ұзындығы 13 шақырым су тасқыны қаупі бар өзендерді тереңдету, жағалауды нығайту, тазарту бойынша жұмыстар жасалды. Сондай-ақ су бұру арнасын салу, бөгеттерге күрделі жөндеу жасау, елді мекендердің айналасына жер үйінділер көтеру сияқты шаралар жүргізілді. «Қазгидромет» мекемесі Ақтөбе филиалының алдын ала гидрологиялық болжамы бойынша  бүгінде ылғал қорының көлемі Елек өзенінің бассейнінде орташа статистикалық көрсеткіштерден 15 пайызға жоғары, ал Қарғалы, Қосестек, Ор, Темір, Ойыл, Ырғыз өзендерінің бассейнінде 22-90 пайызға төмен. Жердің күзгі ылғалдылығы Елек, Қарғалы, Қосестек, Ор, Ембі, Ойыл және Ырғыз өзендерінің бассейндерінде орташа мәндерден 15-72 пайызға жоғары, Темір өзенінің бассейнінде 13 пайызға төмен. Ақпан айының соңғы он күндік және наурыз айының маусымдық болжамына сәйкес, жауын-шашын көптеген аумақтарымызда мөлшерден 120 пайызға дейін жоғары болады деп күтілуде, - дейді ол.

Жалпы Ақтөбе облысында 12 мыңнан астам тұрғыны бар 34 ауыл су басу қаупі бар аумаққа кіреді. Бүгінде олардың ішінде 20-дан астамына алдын алу шаралары жүргізілген. Бұл елді мекендерден 140 мың текше метрден астам қар шығарылған. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 1594 адам, 487 техника, 53 жүзу құралы мен 200-ге жуық мотопомпа жұмылдырылады. Ал инженерлік және құтқару жұмыстарын жүргізу үшін облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарынан басқа төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің 44 техникасы мен 180 қызметкері дайын тұр.

Өзгелердің жаңалығы