Ақтөбедегі NIS-те алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, зияткерлер білім ордасымен қайта қауышты, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ. тілшісі.
Биыл шаһардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің табалдырығын аттаған 144 жас жеткіншек үшін бұл күн- ерекше мереке. Білім күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға 800-ден аса оқушы қатысты.
Биылғы жаңа оқу жылы мектебіміздің айшықты белесімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда бүгінгі Білім күнін Ақтөбедегі NIS-тің 10 жылдық мерейтойына арнадық. Алдымда тұрған мұғалімдер қауымы 10 жыл бұрын осы мектепті өз қолдарымен жуып, жаңа парталарды қойысып, ең бастысы – халықаралық деңгейге негізделген жаңа оқу бағдарламасын меңгерді. Сол ұстаздар Рустам Валеев, Санжар Хамитов сияқты дарынды балаларды оқытты. Енді балаларымыз халықаралық додаларда Қазақстанның атын шығарып жүр, – деді мектеп директоры Сәуле Өмірбекова.
Жас ұрпақтың бойынан патриоттық сезімдерді қалыптастырып қана қоймай, оларды тәрбиелеуді мақсат еткен жиын барысында жүргізушілер биыл қазақ халқының біртуар перзенті Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы екендігін тілге тиек етті. Қойылымдар нағыз рухқа толы болды, сап түзеген барабаншылар ырғақты әуенмен шараның сәнін келтірді.
Шарада оқуда озат, өнер мен спортта өршіл болған оқушылар марапатталды. Мектеп директоры NIS мектебінің түлегі, қазіргі олимпиада жаттықтырушысы Рустам Валеевке IGeO-2022 абсолютті жеңімпазы Санжар Хамитовты жаттықтырғаны үшін Күләш Шәмшидинова атынан Алғыс хат пен арнайы сыйлықты табыстады.
Сондай-ақ бүгінгі мерекеде бірқатар мұғалімдер де марапатталды. Бұдан бөлек оқуын әрі қарай жаңа оқу орнында жалғастыратын 7-сынып оқушылары өз сыныптарымен танысты.
Алғашқы қоңырауды беру құрметі Ақтөбе облысы бойыншаи«Өркен» білім грантының ең жоғары нәтиже – 1414 балл иегері Меруерт Дәрменова мен Республикалық және халықаралық олимпиадалардың абсолютті жеңімпазы Санжар Хамитовқа берілді. Жалпы Білім күні зияткерлік мектебінде үлкен мереке болды деуге болады. Сондықтан барша оқушылар мен ұстаздарды осынау мерейлі мерекелерімен құттықтаймын,-дейді Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысыӘйгерім Аманғосова.