Ақтөбеде өрт болып, бір отбасы баспанасыз қалды

18 Ақпан 2019, 16:52
3646
Бөлісу:
Ақтөбеде өрт болып, бір отбасы баспанасыз қалды
PHOTO

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе қаласы маңындағы Құрылыс-1 саяжайында өрт шығып, бүтін бір отбасы баспанасыз қалды. Оқиға 16 ақпанда күндізгі сағат 13.00 шамасында болған.  Үш бөлмелі тұрғын үйдің пешінен өрт шыққан. Сол мезетте баспанада 4 адам болыпты. Үшеуі бала.

Мұхитовтар отбасының тұңғышы Ерболат Сапарбаев өрт шыққан кезде қасындағы үш баланы шұғыл үйден шығарып, көлікке отырғызған. Ол кезде тек үйдің бір бөлмесінде ғана өрт шыққан. Құтқарушылар жеткенше жігіт өртті өзі сөндіріп үлгеріпті.

Ақтөбеде өрт болып, бір отбасы баспанасыз қалды

«Қасымда өзімнің екі балам мен інім болды. 2, 3, 5 жастағы балалар. Бірден шығардым далаға. Кейін өрт сөндірушілерге хабарластым да өз бетіммен жалынды өшіруге кірістім. Құтқарушылар жеткенше өртті сөндірдім. Олар келген соң өрттен тұтанған диванды сыртқа шығарып, су шашып шоқтарды сөндіріп, кетіп қалды. Ал, мен «барлығы болды» деп ойлап,  балаларды көршілердің үйіне апарып тастадым. Содан азық-түлік әкелуге дүкенге кеткен едім. Келсем үйім түгел өртеніп жатыр. Құтқарушыларға қайта хабарластым. Азын-аулақ ақшамыз бен құжаттарды алуға үлгермедім. Үйге кіре берісте есімнен танып құлаппын. Інім екеумізді жедел жәрдем алып кетіп, жансақтау бөліміне жатқызды. Ал жансақтау бөлімінен денсаулығым сәл дұрысталған соң кеше қолхат жазып шығып кеттік. Қиын күнде отбасымның қасында болуым керек»,-деді қала тұрғыны Ерболат Сапарбаев.

Ақтөбеде өрт болып, бір отбасы баспанасыз қалды

Отбасы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерін кеше қайта шақырған. Ерболат Сапарбаевтың айтуынша, толық сөнбеген шоқ қайта тұтана бастапты.

«Құрылыс-1» бау бақша ұжымында  16 ақпанда 13 сағат 12 минутта тұрғын үйдің жиһазы, үй заттары және төбесі өртенді. Шақырту орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 11 адам, 2 автокөлік жіберілді. Өрт күндізгі сағат 15:12 сөндірілді. Өрт алаңы 15 шаршы метрді құрайды. Өрт салдарынан 22 және 27 жастағы азаматтар улы газға тұншығып, облыстық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Екі адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жағдайлары бірқалыпты. 17 ақпанда күндізгі сағат 13:35-те «Құрылыс-1» бау бақша ұжымында орналасқан саяжай үйінің шатырынан түтін шығып жатқандығы жөнінде ақпарат түсті. Оқиға орнына 7 құтқарушы мен 1 техника жіберілді. Өрт болған жоқ, өрт сөндіргіш заттектері берілген жоқ»,-деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ақтөбеде өрт болып, бір отбасы баспанасыз қалды

Өрттің алдын ала шығу себебі пештің жануынан болуы мүмкін. Қазір Мұхитовтар отбасы туыстарын паналап отыр. Үйлері тұруға жарамсыз. Баспаналараны жылыту үшін бір апта бұрын көмір сатып алған. Бұған дейні ағаш жаққан. Ал көгілдір отын тартуға рұқсат берілмеген.

«Үйде отты мен жағамын. Сол күні де от жағып, пешке көмір салып кеткен едім. Екі айдан бері ауырып, үйде жатырмын. Өрт шығатын күні әйеліме базардағы жұмысына көмектесейін деп кетіп қалған едім. Үлкен ұлым бала, немерелерімнің қасында қалды. Өткен жылдары суға кетті ауылымыз. Суға кеткеннің соңы осы өртке ұласты. Газ  тартуға әкімдік рұқсат бермей отыр. Күнімізді көріп отырған едік, енді баспанасыз қалдық. Балаларымның аман қалғанына шүкір етемін»,-дейді үй иесі Мархабай Мұхитов.

Ақтөбеде өрт болып, бір отбасы баспанасыз қалды

Мұхитовтар отбасында 8 адам бар. Ешкімге қол жаймай күндерін көріп отырған отбасы қазір далада қалды. Екі күннен бері туыстарында тұрып жатыр. Жергілікті биліктен уақытша баспана сұрайды.

«Шалымның денсаулығы жоқ. 5 жастағы ұлыммен үшеуміз ағамның үйінде. Келін, балам, немерелерім басқа үйде түнеп жүрміз. Екі күннен бері көзімнен жас кетпеді. Осы үйді өз күшімізбен 5 жыл бұрын салған едік. Сол аралықта суға да кеттік. Балаларым ауру болды. Үкіметтен еш көмек сұрамадым. Енді бүгін қолдау сұраймын. Пәтер болмаса газ өткізуге рұқсат етілген жерден жер берсе дейміз»,-деді Бағила Сарманова.

Ақтөбеде өрт болып, бір отбасы баспанасыз қалды

Ақтөбе қаласы әкімдігі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің мамандары өртенген баспананы тексереді. Көмек көрсету мәселесі қарастырылады. Материалдық қолдау көрсетіледі.

«Қала әкімінен тапсырма алдым. Бүгін баспананың иелері жағдайларын айтып, көмек сұрап келген екен. Барып көреміз. Бүгінгі күнге қандай көмектің қажеттілігі барын қарап, колдан келгенше материалдық қолдау көрсетіледі. Үйді қалпына келтіру мәселесі қарастырылмайды. Себебі, биыл мамырда өрт болған үй орналасқан Құрылыс-1 бау-бақша ұжымы толығымен өзге жерге көшіріледі. Құрылыс-1 бау-бақша ұжымымен қатар, Махамбет ауылы, ВОХР бау-бақша ұжымын да биыл көшіреміз. Үй өртенген отбасының құжаттары тізімде бар. Сазды ауылы маңында отбасылар үшін жер бөлініп, қазір коммуникация жүргізіліп жатыр»,-деді Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев.

Тұрғындардың сөзінше, Құрылыс-1 бау-бақша ұжымында қазір 40 үй бар. 2017 жылы суға кеткен ауылдан көп отбасы көшірілген.

Әсел АБАТ, фото - автордыкі

Өзгелердің жаңалығы