Қазақстан Президенті Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесті

22 Мамыр 2019, 18:20
3569
Бөлісу:
Қазақстан Президенті Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды Ақтөбе қаласының алдағы 150 жылдық мерейтойымен құттықтап, бүгінде өңірдің өндірістік, логистикалық және транзиттік әлеуеті зор екенін айтты, деп хабарланды Ақорданың ресми сайтында.

«Аймақтың қарқынды даму үшін барлық мүмкіндік бар. Жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін атап өту керек. «Туған Жер» бағдарламасы аясында 1400-ден астам жоба іске асырылды. Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлар өңірде әлеуметтік нысандар салуға белсенді атсалысуда», – деді Қасым Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету Үкімет пен әкімдердің негізгі міндеті екенін айтты.

Қазақстан Президенті Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесті

«Азаматтарға қажетті жағдай жасау барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың міндетіне айналуы тиіс. Мемлекеттің басты байлығы – азаматтар! Олардың тілектерін ескеріп, толғандырған мәселелерін шешу Үкіметтің негізгі қағидаты болуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықпен кездесуінде өңірдің бірқатар шешілмеген мәселесін де атап өтті.

«Облыстағы орташа жалақының көлемі – 141 мың теңге, ал республика бойынша 168 мың теңге. Бұдан бөлек, бірқатар аудан тұрғындарының табыс көлемінде айтарлықтай айырмашылық бар. Лайықты жалақы – халықтың әл-ауқатына ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан, азаматтарымыздың табысын арттыру әрқашан менің басты назарымда болады. Тұрғындардың табыс көлемі облыс әкімдіктерінің жұмыс көрсеткішіне айналуы тиіс», – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй салуды, халықтың табысын арттыруды, іскерлік белсенділікті қолдап, орта тап қалыптастыруды, сондай-ақ, өңірдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға дейін 50%-ға арттыру туралы Елбасының міндеттемесін еске салып, алдағы бес жылда бұл көрсеткіштің 30%-ға жетуі тиіс екенін айтты.

«Облыс әкіміне «Бизнестің жол картасы – 2025» республикалық бағдарламасының аясында жүйелі шаралар қабылдауды тапсырамын. Биылдан бастап оған бөлінетін қаржы 30 миллиард теңгеге өсті. Кәсіпкерлер өз ісін дамыту үшін берілетін микронесиелерді кедергісіз алуы тиіс. Біз оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, болашағы бар әр жобаға көңіл бөлуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті өңірдегі цифрландырылу деңгейінің төмен, ауылдардағы интернет шектеулі екенін айтып, елді мекендерді дамыту жөнінде бірқатар міндет қойды.

Қазақстан Президенті Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесті

«Агроөнеркәсіп секторы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі арқауы. Ақтөбе облысы – жерінің көлемі жағынан еліміздегі ірі өңірлердің бірі. Әкімдік ауыл шаруашылығын дамыту үшін нақты жұмыс жоспарын әзірлеуі тиіс. Өңір азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаруы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Іс-шара соңында Қазақстан Президенті ақын Б.Қалмағанбетовті, еңбек ардагері С.Құсайынованы, Қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі әрі дирижері М.Құспановты, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының автокөлікті пайдалану жөніндегі шебері В.Плугинді және Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының медбикесі Л.Маршенинаны алғыс хаттармен марапаттады.


Өзгелердің жаңалығы