Ақтөбе облысында көктемгі су тасқыны кезінде 4 орман шаруашылығы су астында қалған. Соның салдарынан биылғы жасыл желек егу жоспары орындалмай отыр. Одан бөлек, егілген ағаштар бақылаусыз қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жарқынай Қазбектің айтуынша, тасқын кезінде Ақтөбе, Қарабұтақ, Қобда, Ойыл орман шаруашылықтары тәлімбақтарындағы екпе материалдар су астында қалған.
Ал Ойыл орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде барлық материалдар мен техникалар зардап шеккен. Соның салдарынан Президенттің мемлекеттік орман қорына 2 млрд ағаш көшетін отырғызу туралы тапсырмасы орындалмай отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік орман қоры жерлеріне 2 миллиард ағаш көшетін отырғызу бойынша 5 жылдық жоспар енгізілді. Атап айтсақ, Ақтөбе облысында 2021-2025 жылдары 30,7 мың гектар алқапқа 60,2 миллион дана орман екпесін отырғызу жоспарланған. Биыл 6558,6 гектар алаңға 12 685 мың түп ағаш егу жоспарланса, бүгінге дейін 1602 гектар жерге 2,8 миллион түп орман екпесі егілді. Былтыр 13,1 мың түп екпе отырғызылды. Бұл жоспардың — 84,3 пайызы. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен 142 ауылдық округтің ішінде тек қана 108 елді мекенге дендрологиялық жоспар әзірленген. Нәтижесінде ауылдарда 125 мың түп көшет отырғызу жоспарланып, қазіргі таңда оның 164 434-і егілді. Ал Әйтеке би, Мәртөк аудандарында дендрологиялық жоспар жасау үшін конкурс ұйымдастырылып, күзге қарай көшет отырғызуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алайда қаламызда бұрын егілген ағаштар қазір бақылаусыз қалып отыр, — дейді Жарқынай Қазбек.