Ақтөбе облысында шалғай ауылдарда орналасқан бірқатар кемпингтерде санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау бойынша жұмыстар талапқа сай жүргізілмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев айтып берді.
Оның айтуынша, аталған кемпингтер өз аумағындағы шұңқырларды бітеу жұмыстарын да уақытылы жүргізбейді. Тазалық жағы да «ақсап» тұр. Ал бұл жолаушыларға қиындық туғызады.
Биыл облыс аумағында жалпы құны 1,1 млрд теңге болатын «Д» санатындағы екі, «А» санатындағы бір және «С» санатындағы бір жол бойы сервистік нысаны ашылды. Олардың қатарында жанармай құю бекеті, кафе және кемпинг бар. Ал жыл соңына дейін тағы осындай 6 кемпинг іске қосылады. Жалпы, қазір жол бойы сервисін дамытуда бірнеше мәселе бар. Оның бірі санитарлық талаптардың сақталмауы болса, екіншісі — жолдардың сапасы мен кемпинг аумақтарының қолайсыздығы. Сондай-ақ кемпингтер өңірде туризмді дамыту мәселесіне де айрықша серпін береді. Бұл орайда қазір біз «Visit Aktobe» ақпараттық пункттерін құруды ұсынып жатырмыз. Яғни, кемпингтерде жолаушылар мен туристер өңірдегі көрікті жерлер мен ұлттық дәстүрлер туралы ақпарат ала алады. Сондай-ақ өткізілетін іс-шаралар мен экскурсиялар туралы біле алады, - дейді Алмас Салықбаев.
Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында жол бойында орналасқан 116 нысан бар. Оның 5-еуі - «А», 4-еуі - «В», 61-і - «С», 46-сы - «Д» санатына кіретін кемпингтер.
Аталған нысандардың ішінде 74-і «Самара-Шымкент» автожолында орналасса, 18-і «Ақтөбе-Мәртөк-Ресей Федерациясы» автожолында, 8 нысан «Ақтөбе-Орск» тас жолында, 7 кемпинг «Қарабұтақ-Қостанай» автокөлік жолында жұмыс істеп тұр.