Ақтөбе облысындағы Қобда ауданының орталығы қызыл судың астында қалды. Ауданда төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, аудан орталығына еріген қар суы алғаш 13 наурызда кірген. Кейін ауа температурасының көтерілуіне байланысты қар суы аудан орталығының үстінен өтіп жатқан автокөлік жолын да шайып кеткен. Осылайша жол қатынасында бірқатар қиындықтар болған.
13 наурызда Қобда ауданының орталығына еріген қар суы кіріп, шеткі аумақта орналасқан көшелерге су жайылған болатын. Ал қазір судың көп мөлшерде келуіне байланысты шетте орналасқан 40-тан астам аула мен 15 тұрғын үй суға кетіп отыр. Сондай-ақ аудан орталығындағы дене шынықтыру-спорт кешеніне де су кірген. Бұдан бөлек, аудан үстімен өтіп жатқан «Самара — Шымкент» халықаралық маңызы бар тас жолы үстінен су ағып жатыр. Біз бұл жолдың үстінен суағар жасадық. Оның ұзындығы 15 метрге жетеді. Қазір департамент мамандары үзіліссіз жұмыстанып жатыр, — дейді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Марғұлан Аманбаев.
Бүгінде Қобда ауылында 1500 тұрғын үй бар, оларда 6500 адам тұрады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай су тасқыны осыдан отыз жыл бұрын болған. Қазір үйлері суға кеткен тұрғындар аудандағы спорт мектебі мен аудандық аурухана ғимараттарына орналастырылған. Бірқатары туған-туыстарының үйіне кеткен.
Мұндай су келіп, ауламызды басып қалады деп ойлаған жоқпыз. Барлық киім-кешегіміз, заттарымыз су астында қалды. Екі сағаттың ішінде дәл осындай су астында қалу деген сұмдық қой. Не істерімізді білмей отырмыз, — дейді Қобда ауылының тұрғыны Ольга Роднаконная.
Ал Қобда ауданының әкімі Болат Құлов алдағы уақытта Қобда өзені арнасынан асса, аудан орталығы мен елді мекендерге келетін қауіп күшейетінін айтады.
Қобда өзені де көтерілуі мүмкін. Сондықтан қауіп бар, қазір біз күндіз-түні су арнасын бақылауда ұстап отырмыз. Облыс орталығынан төтенше жағдайлар департаменті 30 құтқарушы жіберді. Қазір олар жұмыстанып жатыр. Не болса да біз үшін тұрғындардың амандығы маңызды, — дейді ол.
Қазір Қобда ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды. Жергілікті билік су тасқынынан зардап шеккендерге барынша көмек көрсетілетінін айтады.
Айта кету керек, осыдан екі күн бұрын облыс әкімдігінде болған брифингте Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы биыл облыста су тасқыны қаупі жоқ екенін айтқан болатын.