Ақтөбе облысындағы 76 ауылға қашан интернет барады?

21 Мамыр 2024, 15:09
400
Бөлісу:
Ақтөбе облысындағы 76 ауылға қашан интернет барады?
Фото: автордан

Ақтөбе облысында әлі күнге дейін интернет желісі тартылмаған 76 ауыл бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл ауылдар облыстың 12 ауданында орналасқан. Олардың қатарында тұрғындар саны жүзге жетпейтін шағын елді мекендер де бар.

Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, бүгінде облыста интернетпен қамтылған 236 елді мекен бар болса, биыл тағы 44 ауылға интернет жүргізілмек. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар істеліп жатыр.

Өңірімізде 30 шақты шағын ауыл бар. Оларда тұрғындар саны аз болғандықтан, байланыс операторлары бармайды. Мәселен, байланыс операторлары сол ауылдарда қондырғы орнату үшін тұрғындар саны 250 адам болуы керек. Дегенмен қазір біз 100 адамға шақталған қондырғылар орнатуға ұсыныс білдіріп жатырмыз. Бұл жұмыстар пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылмақ. Мәселен, бүгінде Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында — 130, Ойыл ауданының Қаракөл ауылында — 105, Шиқұдық ауылында — 160, Шалқар ауданының Кең дала ауылында 85 адам тұрады. 1999 жылы Талдықұм ауылында 361 адам тұрса, 2009 жылы 224 адам болған, бүгінде 110 адам қалған. Бұл елді мекен болашағы жоқ ауылдар қатарына енуі мүмкін. Сол сияқты Ақтөбе облысының Алға, Әйтеке би аудандарында тұрғындар санының аздығы мен елді мекендердің шалғай болуына байланысты әлі күнге дейін интернет желісі тартылмай отырған бірнеше ауыл бар, — дейді Әсет Отарбаев.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін Ақтөбе облысындағы Алға ауданында — 4, Әйтеке би ауданында — 6, Мәртөк ауданында — 4, Байғанин ауданында — 2, Ырғыз ауданында — 1, Мұғалжар ауданында — 8 елді мекенге мобильді интернет желісі тартылады. Ал Мұғалжар ауданындағы 500-ден астам тұрғыны бар Саға ауылына оптикалық интернет барады.

Өзгелердің жаңалығы