Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар жолдарды ұялы байланыспен және интернетпен қамту мәселесі әлі шешілмей келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл облыс әкімі цифрлық технологиялар басқармасына тапсырма жүктеп, жыл аяғына дейін республикалық маңызы бар жолдарды ұялы байланыспен қамтуды тапсырған-ды. Қазіргі таңда өңірде «Қолжетімді интернет» жобасы аясында автокөлік жолдары бойына антенналық діңгектер құрылымын салу жоспарлануда.
Бүгінде өңірдегі 9 ауданда осындай құрылымдар орнату үшін 17 пункт анықталды. Қазір бұл бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеуге келісімшарттар жасалып жатыр.
Сараптама биыл тамыз айының соңына дейін аяқталмақ. Ал қыркүйек айында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджетке өтінім беріледі. Жоба келер жылы жүзеге асырылады.
Облыстағы республикалық автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 3158 шақырым. Қазір республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» (521-571 км) және «Ақтөбе-Орск» (51-69 км) учаскелерін ұялы байланыс және интернетке қосу жұмыстары жүргізілуде. Биыл бұл жобалар іске қосылуы керек. Ал аудандарда антенналық діңгектер құрылымын салу жобасы келер жылы жүзеге асырылады. Оған қыруар қаржы қажет, — дейді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев.
Оның айтуынша, биыл Ақтөбе қаласында байланыс сапасын жақсарту үшін 60 жаңа станция орнатылып, 160 базалық станция қалыпқа келтірілген. Жыл соңына дейін тағы 4G стандартты — 130, 5G стандартты 16 базалық станция орнату жоспарлануда.
Айта кету керек, бүгінде облыстағы елді мекендердің 76,6 пайызы интернетпен қамтылған. Жыл соңына дейін 9,5 мың халқы бар 43 ауылға мобильді интернет тартылады.