Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандар саны артты, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Биыл облыста жол-көлік оқиғаларының саны 7,9 пайызға азайған. Атап айтсақ, өткен жылы облыста 177 жол апаты тіркелсе, биыл оның саны 163-ке жеткен.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығының міндетін атқарушы Айдос Құлжановтың айтуынша, биылғы бес айда жол апаты салдарынан көз жұмған адамдардың саны 23,1 пайызға артқан. Мәселен, былтыр 26 адам көз жұмса, биыл 32 адам қаза болған.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері — жылдамдықты шамадан тыс арттыру, жаяу жүргіншілерды өткізуде ережені бұзу, жолда басқа көліктерді басып озу және қарсы бағытқа шығып кету. Бүгінде облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдауда. Өкінішке қарай, соңғы кезде тіркелген жол апаттары республикалық, халықаралық жолдарда, атап айтсақ, Ақтөбе-Астрахань, Самара-Шымкент тас жолдарында болған. Бұл жолдарда 24 адам (жалпы қаза болғандардың 70 пайызы) көз жұмып отыр. Оның ішінде 12 жолаушы — шетел азаматтары. Атап айтсақ, олар — Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің адамдары, — дейді Айдос Құлжанов.
Оның айтуынша, бүгінде Әлімбет, Жайсаң шекара бекеттерінде облыс аумағына кірген автокөлік жүргізушілеріне жол қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары көп тіркелген аумақтарға жол белгілері орнатылуда.
Қазір барлық деңгейдегі жолдарда жол ережелерін сақтамайтын жүргізушілерді ұстап, оларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әсіресе, Самара-Шымкент тас жолында осы бағыттағы жұмыстарды күшейтудеміз. Бұл жолмен күніне 10 мың көлік жүретінін айта кетуіміз керек. Соңғы кезде Хромтау ауданының Дөң, Бөгетсай, Ақжар, Әйтеке би ауданының Қарабұтақ, Ұлғайсын, Белқопа, Ырғыз ауданының Қалыбай ауылдары маңында жол апаты көп тіркеліп отыр. Мәселен, бұған дейін жүргізілген рейдтік шаралар аясында біз екі сағат ішінде қарсы бағытқа шыққан 16 автокөлік жүргізушісін жауапқа тарттық, — дейді ол.
Департамент мамандарының берген деректеріне сүйенсек, қазір жолда өрескел құқық бұзатындар көбейген. Олар өздерінің ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндіреді. Тіпті, асығыстық пен сабырсыздықтың салдарынан өлімге әкеліп жатқан жағдайлар көп тіркелуде. Мәселен, биыл жыл басынан бері 50 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталса, оның 500-і автокөліктің жолда қарсы бағытқа шығып, жол ережесін бұзумен байланысты тіркеліп отыр. Сондай-ақ 5 мың дерек жүргізушілердің жаяу жүргіншілер жолында азаматтарды өткізбеуіне, ал 550-ден астам дерек жүргізушілердің мас күйінде көлік жүргізуіне қатысты тіркелген.
Соңғы өзгерістерге сәйкес, қазір көлікті мас күйінде басқарған Қазақстан азаматтары 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады, сондай-ақ 15 тәулікке қамалады. Ал қарсы бағытқа шығып кеткені үшін бұрын жүргізушілерге айыппұл салынса, ендігі жерде 6 айға көлік құралын айдауға тыйым салынады. Қазір біз облыс орталығындағы күмәнді, жол-көлік оқиғасы жиі тіркелетін жерлерге бейнекамералар қондырып жатырмыз. Себебі биыл тіркелген 163 деректің 95-і Ақтөбе қаласында болған. Мәселен, 1 маусымнан бастап бүгінге дейін Ақтөбе қаласында 110 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның 40-тан астамы жаяу жүргіншілерді қағып кету, жылдамдықты арттыру, тұрақта тұрған көліктерге соқтығысу деректеріне қатысты болып отыр, — дейді Айдос Құлжанов.
Биыл Ақтөбе облысында жол апаты салдарынан 220-ға жуық адам дене жарақатын алған. Олардың арасында балалар да, қарттар да бар.
Осы мәселеге байланысты Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов бастаған топ Ақтөбе қаласы аумағында рейд жүргізіп, жол ережесін бұзған жүргізушілерді ұстады. Бірнеше сағаттың ішінде жол ережесін бұзушылар анықталып, оларға ескерту дасалды.
Өңірде мұндай рейдтер жиі өткізіліп тұрады. Соған қарамастан, өкінішке қарай, облыста жол-көлік оқиғалары азаймай отыр. Біз қоғаммен бірлесе отырып, осындай алдын алуға бағытталған, жол ережесін бұзғандарды анықтау мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізуге дайынбыз. Ең бастысы, облыстағы барлық жүргізушілерге айтарымыз, заң талаптарын орындаңыздар, өздеріңіздің де, өзгелердің де өміріне аса жауапкершілікпен қараңыздар! — дейді департамент бастығы.
Жеңіс Жолбеков — тәжірибелі жүргізуші. Бұған дейін әр түрлі салада еңбек еткен ол қазір Ақтөбе қаласы мен облыс аудандары арасына жолаушы тасымалдайды. Күніне мыңдаған шақырым жол жүріп, халықтың игілігіне еңбек етіп жүрген оны аудан тұрғындары «Сырбаз жігіт» деп атап кеткен. Қай кезде де сабырлы, өз ісіне мығым ел ағасы аптаның жеті күні тынымсыз еңбек етіп жүр.
Оның айтуынша, соңғы кездегі облыста жол апатының көбею себебі — республикалық, халықаралық деңгейдегі жолдардың сапасының жоқтығы және жүргізушілердің жауапсыздығы.
Күн сайын Ақтөбе қаласы мен Ырғыз ауданына адам тасимын. 400 шақырым жолдың жартысынан көбі сапасыз, шұрық-тесік. Соның салдарынан көлігіміз де жиі бұзылады. Биыл жолдың жамандығынан такси қызметінің құны да өсті. Халықтың көбі наразылық білдірді, дегенмен бізге де қиын. Қазір автобөлшектердің бағасы қымбат, — дейді ол.
Тәжірибелі жүргізуші бүгінге дейін жолда ешқандай оқыс оқиғаға тап болмағанын айтады. Оның айтуынша, әрбір жүргізуші көлік құралын ұқыпты, бірқалыпты, аса жауапкершілікпен басқарса, онда жағымсыз жағдайлар болмайды.
Облыста жол-көлік оқиғалары азаюы үшін заңды қатаңдату керек. Жүргізушілерге талапты күшейту қажет, — дейді ол.