Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы неге азаймай отыр?

8 Тамыз 2022, 16:46
1993
Бөлісу:
Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы неге азаймай отыр?
PHOTO
Фото: автордан

Биыл 7 ай ішінде Ақтөбе облысында 296 жол-көлік оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Соның салдарынан 47 адам көз жұмып, 400 адам түрлі дене жарақатын алған.

Ақтөбе облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қозғалысын бақылау бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Нұралы Орынбековтің айтуынша, аталған 296 жол-көлік оқиғасының 170-і Ақтөбе қаласында болған, соның салдарынан 15 адам қаза болған. 188 адам әр түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.

Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы неге азаймай отыр?

Биыл республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарында жол апаттары көп тіркелді. Мәселен, Самара-Шымкент тас жолы бойында жыл басынан бері 29 жол апаты болып, 13 адам қаза тапты, 50 жолаушы жарақат алды. Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолында 19 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам көз жұмып, 30 адам дене жарақатын алды. Ақтөбе-Орск тас жолында болған 2 жол-көлік оқиғасынан екі адам қаза тауып, екі адам жарақат алды. Ақтөбе-Мәртөк-Жайсаң автокөлік жолы бойында төрт жол-көлік оқиғасы болып, 16 жолаушы жарақат алды. Сондай-ақ Қарабұтақ-Комсомол-Қостанай республикалық тас жолы бойында болған 3 жол апатынан 4 адам, Ембі-Шалқар-Ырғыз облыстық автокөлік жолында болған 4 жол апатынан 5 адам дене жарақатын алды. Бұл жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері — жүргізушілердің жол ережесін бұзып, қауіпсіздікті сақтамауы, оның ішінде жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы бағытқа шығып кету, түнгі мезгілде ұйықтап кету салдарынан осындай қайғылы жағдайлар болып отыр. Сондай-ақ көліктердің малға соғу деректері де бар. 

Қазіргі таңда облыстық, республикалық автокөлік жолдарында, облыс орталыңы мен аудандарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол айлығы» акциясы жүріп жатыр. Акция аясында барлық полиция қызметкерлері жолдағы бақылау жұмыстарын күшейтіп, автокөліктерді тоқтатып, оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратып жатыр. Сонымен қатар көлік жүргізушілердің жолда өздерін сергек сезінуі үшін ірі автокөлік жолдарына жуыну пунктері (душ) орнатылды. Мәселен, бүгінге дейін Самара-Шымкент тас жолы бойындағы жол апаты көп тіркелген аумақтарға баннерлер мен 10-нан астам жуыну пункті орнатылды,— дейді Нұралы Орынбеков. 

Полиция капитанының айтуынша, қазіргі таңда облыста жол-көлік оқиғаларының көбі шетелдік көліктердің қатысуымен болған. Мәселен, 28 шілдеде Қарабұтақ-Қостанай тас жолының 237-шақырымында  (Қостанай облысының шекара аумағында) Газель жүк көлігі мен шетелдік нөмірдегі Nissan Teana автокөлігі соқтығысқан. Мұнда жеңіл автокөлік алдындағы көліктерді басып озу кезінде Газельге қарсы соққан. Соның салдарынан 3 адам көз жұмды. Оның біреуі - сәби. Сондай-ақ 30 шілдеде Самара-Шымкент тас жолының 1142-шақырымында Ырғыз ауданы аумағында Largus  автокөлігі мен шетелдік нөмірдегі Honda Fit автокөлігі соқтығысқан. Honda Fit автокөлігінің рөлінде Қырғызстан азаматы болған. Жол апатының салдарынан 6 адам көз жұмып, бірнеше адам жарақаттанған. 

Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы неге азаймай отыр?

Былтыр 7 айда Ақтөбе облысында 303 жол апаты тіркелген, бұл биылғымен салыстырғанда 2,3 пайызға аз, алайда биылғы көрсеткіштер де көңіл көншітпейді. Мәселен, 7 айдың ішінде облысымызда  жаяу жүргіншіні қағу оқиғасы бойынша 74 дерек тіркеліп отыр. Оқиғалар салдарынан бір адам көз жұмды, 73 адам түрлі жарақат алды. Ал аудандар арасында биыл Хромтау ауданы алдыңғы орында тұр. Бұл ауданда 35 жол апаты орын алып, 9 жолаушы қаза тауып, 62 адам жарақаттанған. Екінші орында — Алға ауданы тұр. Бұл ауданда 20 жол апаты болып, 5 адам көз жұмып, 35 адам жарақат алған. Үшінші орындағы Мұғалжар ауданында биыл 17 жол апаты болып, 6 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды,— дейді бөлім инспекторы Н.Орынбеков.

19 шілде-18 тамыз аралығында Ақтөбе облысы аумағында «Қауіпсіз жол айлығы» акциясы өтіп жатыр. Бұл акцияға 400-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылған.

Бүгінге дейін осы акция аясында облыс аумағында 7606 құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 70 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қарама-қарсы бағытқа шыққаны үшін 83 жүргізушіге айыппұл салынған. Сондай-ақ, жол қозғалысы кезінде жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 222 жүргізуші жауапқа тартылса, көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырғаны үшін 23 адамға айыппұл салынған, жаяу жүргіншілер жолынан өтпей, белгіленбеген аумақтан өткен 970 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.    

Ішкі істер министрлігінің жүргізген талдауына сәйкес, бүгінде елімізде ресейлік 210 мыңнан астам көлік бар. Оның 88 мыңнан астамы Ресей Федерациясы есебінде жоқ. Оның ішінде Ақтөбе облысы аумағында Ресейдің тіркеу есебінде тұрмаған 10 647 көлік бар.  Қазіргі таңда біз осындай шетелдік көліктерді тексеріп, акция аясында жүргізушілерге ескерту жасап жатырмыз,- дейді полиция капитаны. 

Данияр Аймағамбетов - жол-көлік оқиғаларының алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлердің бірі. Ол бұл салада 2014 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол — Ақтөбе қаласының патрульдік полиция батальонының взвод командирі, полиция аға лейтенанты.

Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы неге азаймай отыр?

Мен 2011 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің экономика факультетінің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын аяқтадым. 2012 жылы әскерге аттанып, елге келген соң осы салаға қызметке орналастым. Қазір азаматтардың қауіпсіздігін қорғауда үздіксіз қызмет етіп келемін. Біздің қызметтегі басты мақсатымыз — жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Біз күн сайын сегіз сағат бойы қызметтік көлікпен белгіленген әкімшілік аумақта бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Әсіресе, жол-көлік оқиғалары көп тіркелетін қауіпті зоналарды, жаяу жүргіншілер жолын бақылаймыз. Алдағы уақытта жаңа оқу жылы басталысымен балалардың, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз,-дейді Данияр Аймағамбетов.

Биыл Данияр екі оқыс оқиғаның алдын алыпты. Атап айтсақ, жуырда ол әріптесі екеуі Ақтөбе қаласы Некрасов көшесінде орналасқан жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан азаматты мас күйінде көлік жүргізіп, қағып кеткен жүргізушіні ұстап алған. Әлгі азамат дене жарақатын алыпты, ал жүргізуші жауапқа тартылған. 

Екінші оқиға түн мезгілінде болған. Алдымен 102 қызметіне тұрғындардан хабарлама келіп түскен. 

Кейін белгілі болғандай, қала ішінде бірнеше жерде жол ережесін бұзған азамат көлігін тастап, жаяу ізін суытқысы келді. Оның қолында пышақ, қанжар сияқты суық қарулар болған. Мұны анықтаған Данияр жүргізушіні қашып бара жатқан жерінен ұстап, изоляторға жіберген. 

Бұл жағдайды анықтағанымызда жүргізуші көлікті есірткі затын қабылдап, жүргізгені белгілі болды. Осындай жағдайлар қайталанбау үшін алдын алу шараларын жүргізу маңызды. Жалпы қала аумағында тіркелген жол-көлік оқиғалары көп жағдайда ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ таңғы, кешкі кептелістер кезінде болады. Біз қазір алдын алу жұмыстарын жүргізіп, көлік жүргізушілеріне жол қауіпсіздігін сақтау керектігін түсіндіріп, жолда ұйықтап қалмау үшін алыс сапарға шығарда ұйықтап, демалып алуды, жылдамдықты асырмауды ескертіп жатырмыз, — дейді Д.Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы